Екі күнде екі төтенше жағдай: KAZ Minerals нысандарынан жұмысшылар шұғыл эвакуацияланған

Екі күнде екі төтенше жағдай: KAZ Minerals нысандарынан жұмысшылар шұғыл эвакуацияланған
"Ақ Жайық" басылымы

KAZ Minerals компаниясының екі нысанында екі күн қатарынан өрт шықты. Алдымен Абай облысындағы Орлов шахтасынан жұмысшылар эвакуацияланса, келесі күні Ақтоғай кен орнындағы байыту фабрикасында өрт тіркелді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бірінші жағдай 8 тамызда кешке Жезкент кентіндегі Орлов шахтасында болған. Сағат 22:00 шамасында шахтаның 10-деңгейінде түтін шыққан. Түнгі ауысымдағы жұмысшылар жер бетіне эвакуацияланып, кейін шахтаға тау-кен құтқарушылары түскен.

"Зардап шеккендер жоқ. Бұрғылау қондырғысы зақымданған. Алдын ала мәлімет бойынша түтін шығуына электр кабелі зақымдануы себеп болуы мүмкін", - деп хабарлады KAZ Minerals өкілдері.

Оқиғаның нақты себебі әлі анықталып жатыр.

9 тамызда компанияның тағы бір нысанында төтенше жағдай болды. Түскі уақытта Ақтоғай кен орнындағы №1 байыту фабрикасында учаске өртенген. Оқиға кезінде нысанда мердігер ұйым қызметкерлері жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан. 

Учаскеден 20 адам эвакуацияланды. Алдын ала мәлімет бойынша ешкім зардап шекпеген және түтін әсерінен медициналық көмекке жүгінбеген. Ашық жалын толық сөндірілген. Оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

KAZ Minerals құрамына Бозшакөл және Ақтоғай кеніштері, Шығыс Қазақстандағы үш жерасты кеніші, Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кеніші және Ресейдегі Баимское кен орны кіреді. Компанияның ең ірі акционері - қазақстандық кәсіпкер Владимир Ким.