Саясаткер Ғалымжан Жақиянов Алматыда өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жақиянов бұл жолы да мәселе Төлен Тоқтасыновпен арадағы даудан шыққанын жазды.
"Осыған дейін Төлен Тоқтасынов екеуіміздің арамыздағы іскерлік даудың (оның бастамасымен) қоғамдық ортаға шығып, арты сот отырыстарына ұласқаны туралы жазғанмын.
Мәселенің қысқаша мән-жайы былай: бір кездері өз басындағы қарыздарымен қаржылық жауапкершілікті Тоқтасынов маған жүктеуге тырысты. Өкінішке қарай, оның бұл әрекетке баруына ұзақ жылғы достығымыз да кедергі бола алмады. Ол маған жала жабумен, азаматтық сотқа жүгінумен шектелмеді", - дейді Жақиянов.
Павлодар облысының бұрынғы әкімі болған Жақияновтың айтуынша, Тоқтасынов 2022 жылы да Моңғолия полициясына арыз жазған. Бұл кезде құқық қорғау органдары барлық мән-жайды тексеріп, Жақияновты жауапқа тартуға негіз таппай, керісінше, Тоқтасыновтың өзіне қатысты қылмыстық іс қозғапты. Осыдан кейін ол Моңғолиядан кетуге мәжбүр болған. Қазір оған іздеу салынған.
"Күні кеше тағы бір жайт естідім. Төлен Тоқтасынов былтыр Алматының Бостандық аудандық полициясына да дәл сондай арызбен жүгініпті. Ондағылар да менің іс-әрекетімде қылмыс құрамы болмауына байланысты маған қатысты іс қозғаудан бас тартады. Алайда биылғы жылдың 1 ақпанында Алматы қаласы прокуроры С.Кәріпбеков ол шешімінің күші жойылып, Тоқтасыновтың арызы бойынша тергеу басталғанын хабарлапты.
Осылайша, "Жаңа әділетті Қазақстанда" маған қарсы жаңа қылмыстық іс қозғалды. Қазақстан азаматтары арасындағы жеке дауға қала прокурорының араласуы кем дегенде күмән тудырады.
Әсіресе, ҚР Бас Прокурорының прокуратура өкілдеріне іскерлік дауларға араласуға тыйым салатын ресми нұсқауы бар екенін ескерсек, бұл мүлдем ойға қонбайды.
Сондықтан осы істе не жемқорлық, не саяси астары бар деп санаймын. Екеуінің нақты қайсысы екенін алдағы уақыт көрсетер", - деп жазды Жақиянов.
Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақиянов - бұрыннан жақсы араласқан тұлғалар, тіпті бірге жұмыс істеген. Кейін оппозиционер ретінде де көзге түскен. Алайда араға жылдар салған соң екі достың арасынан қара мысық өткен.