"Ежелгі кәсіп" өкілдері өз қызметтерін заңдастыруды сұрап отыр

Сағыныш Сардарова 22 қыр. 2025 17:16

Жуырда Алматы мен Астана қалаларында бірнеше тұрғын үй кешені тексеріліп, притондар әшкере болды. Осыдан кейін әлеуметтік желіде олардың үндеуі пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жазба авторы өз қызметтерін заңдастыруды сұраған. Оның сөзінше, Алматыда әшкере болған 70 притонның ішінде өзі, құрбылары жұмыс істеген.

"...Біз жұмыссыз қалдық. Мұны заңдастыратын кез келді. Иә, мен бұл жұмысты саналы түрде таңдадым. Енді маған клиенттермен кездесу үшін жаңа орын табу керек. Жеке кәсіпкерлік ашып, салық төлей аламын. Мен оны "Менің денем - менің шаруам" деп атаймын", - деді ол.

Бұған дейінгі жағдай

Алматы бойынша

Жуырда Алматыда үш тұрғын үй кешенінен 71 притон әшкере болды. Алмалы ауданында полиция қызметкерлері "Манхэттен", "Ақбұлақ" және "Кәусар" тұрғын үй кешендерінде жыныстық қызмет көрсететін жезөкшелер үйлері мен заңсыз жұмыс істейтін салондарды анықтау мақсатында рейд өткізген.

"Рейд барысында 71 жезөкшелер үйі әшкере болды. Заңсыз әрекетке үй берген пәтер иелері жауапқа тартылды. Бұл пәтерлерде тіркеусіз және жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған адамдарға да әкімшілік шара қолданылды", - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.

Астана бойынша

Елорда тұрғындарының шағымын тексеру барысында "Лазурный квартал", "Дипломат" және "Мисон" тұрғын үй кешендерінде заңсыз притон ұйымдастырған топ анықталған. 14 адам ұсталып, ұйымдастырушылар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар