Едені шөгіп, шатыры тесілген: Алматы тұрғындары әкімнен қоныс аударуды жеделдетуді сұрады

Қаракөз Амантай 23 қыр. 2025 16:54

Алматыда Яблочков көшесіндегі ескі үйлердің тұрғындары әкімнен реновация мен қоныс аудару үдерісін тездетуді өтінді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

1953-1954 жылдары салынған №1 және №3 қаңқалы-қамысты үйлерге осы күнге дейін бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. Қабырға мен төбенің арасынан жарықтар пайда болып, едені шөгіп, шатыры сауылдаған. 2017-2018 жылдары ҚазҚСҒЗИ бұл ғимараттарды апатты деп танып, қоныс аудару және сүру қажет деген қорытынды жасаған.

Әкім Дархан Сатыбалды ескі үйлерді сүру кезінде тұрғындардың баспанасыз қалмауы аса маңызды екенін атап өтті.

“Барлық шешім заң аясында қабылдануы тиіс. Ертең прокуратура дауламауы үшін хаттамаларды тексереміз. Ең бастысы – халыққа қолайлы әрі бізге де алға жылжуға мүмкіндік беретін нұсқаны табу”, – деді ол.

Тұрғындардың айтуынша, олар үшін қоныс аударатын ауданның қайсы болатыны маңызды емес. Мәселен, Наурызбай ауданында дайын пәтерлер бар екені айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар