"Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша Отбасы банк 1000 заем берді

Dalanews 27 қаз. 2023 09:37 1194

Биылғы жылы «Дипломмен ауылға» қазақстандық бағдарламасының алғашқы қатысушылары Қарағанды облысы Шет ауданының тұрғындары болды. Бұл мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері. Олардың барлығы жас мамандар.



Республикалық жоғары оқу орындарында білім алып, диплом алған университет түлектері өз білімдерін шағын ауыл тұрғындарына жеткізу үшін туған ауылдарына оралды.

Шет ауданында 6 адам алғашқы заемдарын алды. Олардың қатарында Қайыржан Тлеуқабылов та бар. 2019 жылы өз өлкесіне оралған маман 4 жылдан бері Жамбыл Ақылбаев атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен сабақ беріп келеді.

- Бұл бағдарлама жас мамандарға зор мүмкіндік. Соның арқасында баспана алып, отбасы құруды жоспарлап отырмын. Көпқабатты үйден пәтер таңдап алдым. Шарттары да қолайлы екен. Осыған дейін ата-анамның үйін паналап келдім. Енді жуырда өз баспанама көшемі, - дейді Қайыржан Тлеуқабылов.

Биылғы жылдан бастап Отбасы банк «Дипломмен ауылға» бағдарламасының операторы болды.

Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға заем беруді қарастырады. Несиенің ең жоғарғы сомасы 1500 АЕК-ке дейін, несие мөлшерлемесі 0,01% (ЖТСМ – 0,01% бастап). Сондай-ақ, бағдарлама аясында ауылдарда көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған.

Азаматтардың уақытын үнемдеп, мемлекеттік қолдауды алу барысын жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа көшірілді. Бұл - процесті ашық етіп, бюрократияны азайтып, заем алу жылдамдығын арттырды. Бұрын несиені рәсімдеу 18 күнге созылса, қазір бұл жұмыс 8 күнге дейін қысқарды.

Қазақстандықтардың өтініштері otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимінде қабылданады.

Биылғы жылы бағдарлама бойынша 20 млрд теңге бөлінді.

Қазірдің өзінде барлық аймақтардағы қатысушылардан 4000 астам өтінім қабылданды. Ал алғашқы 1000 ауыл тұрғыны несие алып, жеке баспана сатып алды.

Өтініштердің басым бөлігі - Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Алматы облыстарының ауыл тұрғындарынан түскен.

Сондай-ақ көтерме жәрдемақы төлеуге 4145 өтініш қабылданды.

Бағдарламаға кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Ең бастысы, олардың қолында дипломы бар, бірқатар мамандықтар бойынша қызмет істеулері қажет. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).

Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастыратынын атап өткен маңызды. Дәл осы тізім аясында мемлекеттік қолдау жасалады.

Заем маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Несиенің максималды мерзімі – 15 жыл. Негізгі шарт – жобаға қатысушы өз мамандығы бойынша ауылдық жерде 3 жыл жұмыс істеуі керек.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар