5 қазанда Нью-Йорктің әйгілі Madison Square Garden аренасында алғаш рет Қазақстанның Әнұраны шырқалды. Мыңдаған көрермен алғаш рет ТМД елінен шыққан әртіс – Димаш Құдайбергеннің жеке концертін тамашалады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Бала кезімнен бұл сахнада өнер көрсетуді армандайтынмын. Себебі мені бала күнімнен бокс әлеміндегі аңыз тұлғалар Мұхаммед Әли мен Майк Тайсон шабыттандырды. Дәл осы сахнада "үш тенор", Майкл Джексон, Уитни Хьюстон, Селин Дион және Андреа Бочелли сынды жұлдыздар өнер көрсетті. Соңғы жылдары өмірімде көптеген маңызды оқиғалар болды, әлемнің түкпір-түкпірінде үлкен концерттер өткіздім, бірақ бұл жерде ерекше тарих жазылады", – деді Димаш концерт қарсаңында.
Бұл сөздер шындыққа айналды. Халық әртісі Димаш Құдайберген бастаған қазақстандық команда тарихқа енген ерекше оқиғаның куәсі болды.
Димаштың "Stranger" бағдарламасы – оның барлық шығармашылығы сияқты түрлі стильдер мен тілдердің, жанрлар мен музыкалық бағыттардың тоғысы.
Концерт жарқын әсер қалдырған "Golden" әнімен ашылды. Кейін Димаш ағылшын тілінде "Smoke", итальян тілінде "Olimpico" және қытай тілінде "Battle of Memory" композицияларын орындады.

Madison Square Garden – Димаш үшін жаңа бағындырылған белес. Кеште алғаш рет "Love’s not over yet" туындысы орындалды. Әнді автордың өзі, екі мәрте "Грэмми" жүлдегері Уолтер Афанасьев фортепианомен сүйемелдеді.

"Мен Димашты білетінмін, бірақ оның барлық шығармаларын тыңдап көрмеппін. Алайда оны жанды дауыспен тыңдаудың әсері бөлек. Ол залдағы бар адамды шабыттандырып, жүректерге әсер етеді. Көрермендер оны ерекше жақсы көреді – мұндай ықыласты сирек көремін. Концерт бойы: "Мына әнді кім жазған?" – деп сұрадым. "Димаш". "Ал мынау ше?" – "Тағы да Димаш". Бұл мен үшін ұмытылмас әсер болды. Мен бұл сахнада бірнеше рет өнер көрсеттім, бірақ дәл мұндай әсерді сезінген емеспін. Бұл – үлкен мәртебе. Өте бақыттымын", – деді Уолтер Афанасьев.

Мәңгілік махаббат тақырыбын жалғастырған Димаш жақын досы, композитор Игорь Крутойдың "Любовь уставших лебедей" әнін орындады. 2019 жылы Қазақстандағы "Арнау" концертінен басталған дәстүр бойынша, көрермендер бұл жолы да әннің қайырмасын бірнеше рет бірге айтты.

"Sos D’un Terrien En Détresse" шығармасын орындамас бұрын Димаш тыңдармандарына БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымының аймақтық ізгі ниет елшісі ретінде үн қатты:
"Құрметті достар, музыка бізді біріктіре алады. Бүгін кешке біз мұны бірге істей аламыз. Менің артымдағы экранда QR-код көрсетіледі. Оны сканерлеп, БҰҰ көші-қон агенттігіне қолдау білдіре аласыздар және әлем бойынша адамдарға көмек көрсете аласыздар. Бірге біз бұл әлемді жақсырақ ете аламыз. Сіздерге алғыс айтамын. Ал енді музыканың өзі бізге жол көрсін".

Осыдан кейін Димаш тыңдармандарына өз әндері – "Ұмытылмас Күн", "Give Me Your Love", "Be With Me" композицияларын орындады. Ол залмен бірге үш дауыспен ән шырқады. Көрермендер сол кеште бар жүрегін, энергиясын сахнадағы әртістермен бірге бөлісті. Бүкіл стадион бір ырғақта ән айтты.

"Бүгін тарихи күн. Димаш жаңа сахнаны бағындырды, алты жыл үзілістен кейін Нью-Йоркке триумфпен оралды. Осы жылдар ішінде ол да, біз де өзгердік. Көрермендер де бұл өзгерісті сезді", – деді Зарина Божакова.

Бағдарламаның келесі бөлігі Димаш пен домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз орындаған "Адай" күйімен басталды.
Жаңа "Тау ішінде" хитінен кейін Димаш жаңа туындының премьерасын жариялады. Адамның шексіз мүмкіндігін бейнелейтін бейне қатардың аясында ол Жарасқан Нұрбайдың сөзіне жазылған туған жерге арналған жаңа қазақша авторлық әні – "Самғауды" ұсынды.

Премьерадан кейін сахнада қуатты дауыспен және әсерлі энергиямен "Fire" композициясы орындалды.
"Бұл өте маңызды сәт. Ең алдымен мен көргенім – лық толы стадион. Мен Қазақстаннан емеспін, бірақ Димаш үшін мақтандым. Оның музыкасы мен тұлғасы шекарадан асып, түрлі ұлт өкілдерін біріктіреді. Бұл мен үшін өмір бойы есте қалар әсер", – деді Дмитрий Гордо.
Бұдан кейін Димаш сахна сыртында көрінді. Көрермендер келесі бейне үзіндіге дайындалып отырғанда, экранда Димаштың өзі қайта пайда болып, командасымен бірге Madison Square Garden дәліздерімен жүгіріп өтіп, жаңа ағылшын тіліндегі авторлық әні "Living For The Game"-ді орындады.

Концерт "When I`ve Got You", "Weekend" және "Махаббат Бер Маған" әндерімен жалғасты.
Сол кеште Димаш пен оның музыкант достары домбыра, сыбызғы және қобыз секілді дәстүрлі қазақ аспаптарын көрерменге таныстырды. Қобызда ойнаған Олжас Құрманбек турдың атау әні – "Stranger"-де жеке партия орындады.

"Біз бұл концерттің халқымыздың тарихы сияқты алтын әріптермен жазылатынына сенеміз. Себебі домбыра, қобыз және сыбызғы секілді қасиетті аспаптар әлемдік сахнада шырқалса, бұл – ұлттық өнеріміздің жаңа биік деңгейге көтерілгені. Мұның бәрі Димаштың арқасы. Біз қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын әлемге танытып жатырмыз", – деді Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз.