Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина "Дикий Арман" деген лақап атпен белгілі Арман Жұмагелдиев пен Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайберген ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БАҚ өкілдері Кәрім Мәсімов пен Самат Әбіш ісіне қатысты сот шешімі шыққанын, дегенмен Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің ісі неліктен cағызша созылып жатқанын сұрады.
Рахметуллина өз кезегінде сотқа түскен істер бір-біріне ұқсамайтынын, осы тұста аталған күдіктілердің сот тергеуі әлі аяқталмағанын атап өтті.
"Бір эпизодтан тұратын іс бар, онда бір жәбірленуші, бір куәгер - оны бірнеше сессияда аяқтауға болады. 50 сотталушы, 250 жәбірленуші, сот толығымен тексеруге міндетті көптеген қылмыстық іс материалы бар істер бар. Сәйкесінше, оның қашан аяқталатынын айта алмаймын. Мұның бәрін сот жеке шешеді. Бүгінгі таңда менің білуімше, іс әлі аяқталған жоқ", - деді Рахметуллина.
Еске салайық, Арман Жұмагелдиев пен экс-депутат Қайрат Құдайбергеннің ісіне қатысты алдын ала сот тыңдалымы 14 қыркүйекте басталған еді. Олар Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысты деген күдікке ілінді. Екеуіне "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану" (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бап), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) бойынша айыптар тағылды.