Дуров төңірегіндегі дау: Астанада Telegram кеңсесі ашылуы мүмкін бе?

Қаракөз Амантай 04 нау. 2025 09:56 582

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Павел Дуровтың Францияда ұсталуына байланысты Астанада Telegram кеңсесін ашу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Ведомствоның мәлімдеуінше, кеңсенің ашылуы тікелей компанияның өз шешіміне байланысты. Сонымен қатар министрлік жетекші технопарк ретінде Astana Hub қажетті инфрақұрылымдық қолдау көрсете алатынын атап өтті.

Егер Telegram кеңсесі ашылатын болса, ондағы жұмыс орындарының саны компанияның бизнес стратегиясына сай анықталмақ.

“Қазақстан жоғары білікті мамандар мен бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларын ұсына отырып, халықаралық IT-компаниялар үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруда”, — делінген ресми хабарламада.

Еске салайық, Павел Дуров тамыздың 25-іне қараған түні Әзербайжаннан жеке ұшақпен келе жатқанда ұсталды. 26 тамызда Париж прокуратурасы Telegram платформасы арқылы жасалған қылмыстарға қатысты шілде айында қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Кейін оның Франция аумағынан шыға алмай отырғаны туралы ақпарат тарады. Оның ісі сотқа бір жылдан кейін жетуі мүмкін. Бұл туралы Wired журналы француз прокуратурасының өкілі Майлис де Рекке сілтеме жасап хабарлады.

Де Рек бұл мәселе бойынша қандай да бір бейбіт келісім жасауға әлі ерте екенін атап өтті.

Прокурордың айтуынша, Дуровқа ордер беру туралы шешім прокуратура Telegram-ның құқық қорғау органдарының сұраныстарына жауап бермей, түрлі департаменттегі тергеулердің тығырыққа тірелуіне себеп болғанын түсінгеннен кейін қабылдаған. Франция билігі кәсіпкердің үнсіздігін “қылмысқа сыбайлас қатысы бар” деп теңестірді.

Libération басылымының мәліметіне сүйенген Wired журналының жазуынша, 2013 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта француз жандармериясы Telegram-ға жіберілген 2460 ресми сұраныстың жауапсыз қалғанын анықтаған.

Telegram-ның сыртқы және үкіметтік байланыстар бөлімін басқарған Юлия Конли Дуровты платформаның ішіндегі оқиғалар үшін жауапты деп санау қисынсыз екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл жағдай контент модерациясы саласындағы мамандардың тапшылығымен байланысты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар