Осыдан төрт жыл бұрын Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи, Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарында қазақтар мен дүнгендер арасында ұлтаралық қақтығыс орын алып, салдарынан 11 азамат қаза тауып, жүзден астам адам жараланған еді. Белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева осы оқиғаға қатысты ойын тағы да ортаға салды. Ол бірнеше адамның өмірін қиып, екі ұлт арасында туындаған этникалық жанжалға "Ескі Қазақстан" өкілдерін, яғни "Назарбаев кландарын" кінәлі деп санайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Билікке жақын анонимді арналар 2020 жылы адамдар айуандықпен қырылып, тұтас бір ауылдың өртке орануына түрткі болған дүнгендер қақтығысын Қаңтар оқиғасы кезінде негізгі ұйымдастырушылардың бірі ретінде қамауға алынған экс – Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың басшылығымен, полиция келісімімен отбасылық бандалар ұйымдастырды деп жазуда.
Телеграм-арналар хабарлап жатқандай, дүнгендер қырғыны неге екені белгісіз, Назарбаевтың жақын досы Ахметжан Есімовке қажет болған-мыс.
Дегенмен ең бастысы – бұл қырғынға қоғам мен биліктің реакциясы қандай болды? Өте қорқынышты! Бұл сұмдықтың жай-жапсары белгілі болғаннан кейін қазақтардың осынау жабайы қылмысы мен қазақ билігінің сұмдық ұстанымы үшін Қазақстан Республикасының азаматы әрі қазақ әйелі ретінде дүнгендерден ашық түрде кешірім сұрадым. Бұл әрекетім маған не әкелді? Бүкіл әлеуметтік желі қолданушылары мені қорлап, сатқын деп қарғады. Дүнгендерге аяушылық танытып, халқыма опасыздық жасағандай болдым. Ақылға қонымсыз, бірақ тиімді! Негізінен қазақ ортасында беделіме нұқсан келді", - дейді ол.
Осы тұста ол Тоқаевтың сол уақытта қол қусырып, нақты әрекетке бармауы Қаңтар оқиғасына жол ашқанын алға тартады.
"Енді міне, Масанчи ауылындағы сол қырғынды Назарбаевтар әулетінің мүшелері (себептері белгісіз болып қалды) ұйымдастырғаны және Қазақстаннан – 12 мың дүнген мен Жамбыл облысының басқа да тұрғындары жер аударып, босқындар ағынын тудырғаны белгілі болды. Осы оқиғадан кейін Қазақстандағы "геноцид" туралы әңгіме өрбіді. Алайда сол кезде Тоқаевтың бұрынғы министр Тұрғымбаевты қоса алғанда, Болатовтың қауіпсіздік күштерінің бақылауындағы осы бандиттік құрылымдарды залалсыздандыруға күші де, батылы да жетпеді. Бірақ! Егер президент сол кезде заң бойынша әрекет еткенде, 2022 жылы Қаскелең қарақшылары тудырған екінші қырғын – Қаңтар оқиғасы орын алмас еді", - дейді журналист.
Оның сөзінше, журнаистке бұл жолы тағы да дәлелсіз жала жабылуда.
"...Олар тағы да Бишімбаев ісінде заңның теңдігі туралы айтып отырғаным үшін мені кінәлап жатыр. Кезінде Назарбаев билігінің заңсыз әректтеріне наразылық танытқанымда маған жала жапқаны секілді, бұл жолы Тоқаев әкімшілігінің бұған еш қатысы жоқ деп үміттенемін", - дейді журналист.
Еске салайық, осыдан біраз жыл бұрын орын алған қақтығысқа байланысты журналист Гүлжан Ерғалиева қазақ халқы, оның ішінде билік, үкімет, қоғам – дүнгендерден кешірім сұрауы керек деген пікірді алға тартқан болатын. Бұл ойын журналист әлеуметтік желідегі парақшасында ортаға салған еді.
Ол армяндар Қарағандыда қазақтың өліміне себепкер болғанда, армян диаспорасы күллі қазақ халқының алдында кешірім сұраған. Осы арқылы өзінің саналы, арлы ұлт екенін дәлелдегенін айтты.
“Қазақтар дұнғандарға қол көтеріп, дүниені төңкерген тұста, біздің депутаттар да, билік те, қоғам да осы бір ат төбеліндей ұлттан кешірім сұраған жоқ.
Бұл оқиға қазақтың сүйегіне таңба.
Мұны көрген болса, бабалар не дер еді? Қауқарсызға қол көтермейтін ата-бабаларымыз бүгінгі ұрпағы секілді өзінен әлсізге әлімжеттік жасап, үйін өртеп, еркек кіндіктісін тентіретіп жібермес еді. Керісінше, кешірім сұрар еді.
Жә, бұлай жасауға намыстарың жібермесе, ендеше мен дайынмын.
Мен Қазақстан азаматы, Гүлжан Ерғалиева – Қазақстандағы дұнған диаспорасынан кешірім сұраймын. Қаза болған жақын-жұрағатына қайғырып көңіл айтамын.
Сіздерді қорғай алмаған біздің биліктің бейқамдығы мен жауапсыздығы үшін кешірім өтінемін. “Ақтабан шұбырындыға” ұшыраған дұнғандар трагедиясынан кейін елде қаралы күн жариялануы керек еді.
Мемлекет өз тарапынан зардап шеккендерге өтемақы төлеп, осынау заңсыздыққа жол бергендері қатаң жазалауы тиіс.
Бұдан кейін мұндай сорақылықтың қайталанғанын қаламаймын. Бұл бәрімізге сабақ болуы тиіс. Сіздердің қайғыларыңызға ортақпын”, – дейді Гүлжан Ерғалиева.
Бұл оқиғадан кейін «Бишімбаев ісіне» байланысты пікір білдірген журналист дүйім жұрттың күдігіне іліккен еді. Журналист Гүлжан Ерғалиева әлеуметтік желіде бұл істі "арнайы құрылған жоспар" деп атады.
"Бишімбаев ісі жоғары билікте отырғандардың жақсы жоспарланған жобасы болып шықты. Біріншіден, сот отырысы басталардан бір ай бұрын сотталушының адвокаттарымен "күтпеген" сұхбат жүргізген кезде соны сездім және бұл олардың жоспарын тас талқан ете жаздады.
Бұл үшін олар маған боттар жіберді. Елмедиадағы "Дело Бишимбаева - это Белый шум" атты шығарылымымызда олардың жоспары қандай болғанын, яғни психологиялық айла-шарғы жасау арқылы елдегі су тасқынынан немесе отбасылық банктер елден миллиардтаған долларды алып кетуі секілді маңызды мәселелерден халық назарын бұру болғанын айттым.
Сонымен қатар, біреулерге осы процесті өз қолына алу үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды тезірек енгізу керек еді, оған қоса олардың қолында билік пен қоғамға, соның ішінде әйелдерін ұрып-соғатын басқарушы элитаға әсер ету тетіктері болуы керек еді. Мысалдар іле-шала шыға бастады - дипломаттың әйелі мен аудан әкімінің әйелі шағымдарын айтты. Бұл - тек бастамасы. Сонымен қатар, біреу Тоқаевты халық пен әлемге елдегі "сот реформасын" қоғамдық процестің мысалында саяси іс емес, тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі бойынша көрсетіп, олардың Жаңа Қазақстанға сенімін қалыптастыру керек деп сендірді", - деп жазды ол.