Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында орналасқан АҚШ консулдығы маңында дрон құлағаны туралы ақпарат тарады. CNN телеарнасының дереккөзі бұл ұшқышсыз аппарат Иранға тиесілі болуы мүмкін екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдегендей, ұшқышсыз аппарат консулдық ғимараты жанындағы автотұраққа құлаған. Оның айтуынша, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген, себебі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы басталар алдында дипломатиялық мекеменің көптеген қызметкері қауіпсіз жерге көшірілген.
Телеарнаның хабарлауынша, консулдық ғимаратының үстінен қою қара түтін көтерілгені байқалған. Дубай билігі де X әлеуметтік желісінде консулдық маңында дронға қатысты оқиға болғанын растады. Мәліметке қарағанда, шыққан өрт жедел түрде ауыздықталып, адам шығыны тіркелмеген.
Оқиғаға қатысты бейнежазбаны OSINTdefender мониторинг арнасы жариялады.
Айта кетейік, бұл кейінгі күндері Таяу Шығыстағы АҚШ дипломатиялық нысандарына жасалған үшінші шабуыл болуы мүмкін. Бұған дейін Иран тарапынан Кувейт пен Сауд Арабиясындағы АҚШ елшіліктеріне де соққы жасалғаны туралы ақпарат тараған.
