Каспий құбыр консорциумы 2025 жылы мұнай тасымалдау бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Компания нысандарына дрондар шабуыл жасағанына қарамастан, жыл қорытындысы бойынша 70,5 млн тонна мұнай жөнелтілген., деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы «КТК-Р» АҚ бас директоры Николай Горбань мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылы мұнай тасымалдау көлемі 72 млн тоннаға дейін өсуі мүмкін.
Рекордқа Қазақстандағы мұнай кен орындары әсер еткен
Николай Горбань тасымал көлемінің артуына Қазақстандағы ірі кен орындарындағы өндірістің өсуі себеп болғанын айтты.
«2025 жылы тасымал көлемі 70,5 млн тонна болды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 63 млн тонна болған. Бұған Қазақстандағы Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы мұнай өндіру көлемінің артуы әсер етті», – деді ол.
Оның сөзінше, жүйенің техникалық мүмкіндігі мен 2014 жылдан бері кезең-кезеңімен жүргізілген кеңейту жобалары рекордтық көлемге қол жеткізуге мүмкіндік берген.
КҚК импорттық жабдықтардан бас тартпақ
Компания басшысы санкциялар жағдайында негізгі басымдықтардың бірі импортты алмастыру болғанын атап өтті. Оның айтуынша, КҚК шетелдік магистральды сорғы агрегаттары, газтурбиналық қондырғылар мен электр қозғалтқыштарынан біртіндеп бас тартып жатыр.
«Бұл шешім бірқатар шетелдік компаниялардың Ресей нарығынан кетуіне және импортты алмастыру қажеттілігіне байланысты қабылданды», – деді Горбань.
Ол компанияның мақсаты – өндірісті толықтай жергіліктендіру екенін айтты. Яғни жобалаудан бастап жабдық шығаруға дейінгі барлық процесс отандық технологиялар мен бағдарламалық қамтамасыз етуге негізделмек.
КҚК ресейлік басқару жүйесіне көшіп жатыр
Қазір КҚК нысандарында шетелдік SCADA жүйесінен ресейлік диспетчерлік бақылау және басқару жүйесіне көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Компания мұны технологиялық тәуелсіздік пен киберқауіпсіздікті күшейту үшін қажет деп түсіндірді.
Компания жылына 80 млн тоннадан астам мұнай тасымалдауға дайын
Николай Горбань КҚК техникалық тұрғыдан жылына 80 млн тоннадан астам мұнай жөнелтуге дайын екенін айтты.
«Біз әлдеқашан жылына 80 млн тоннадан астам мұнай тасымалдауға техникалық жағынан дайынбыз. Бірақ жоспарларға ауа райы мен жүк жөнелтушілердің шешімдері әсер етеді», – деді ол.
Компания басшысы 2026 жылы қолайлы жағдай болса, тасымал көлемі кемінде 72 млн тонна болады деп күтетінін айтты. Қазіргі уақытқа дейін оның 23 млн тоннадан астамы жөнелтілген.
КҚК биыл 30 жылдығын атап өтеді
2026 жыл Каспий құбыр консорциумы үшін мерейтойлы жыл болмақ. 6 желтоқсанда компания қазіргі форматта құрылғанына 30 жыл толады.