Досаев басқарған үш жыл: Алматы неден ұтты, неден ұтылды?

Қаракөз Амантай 29 мам. 2025 11:22

Алматы – алып мегаполис. Аумағы кең, тынысы терең қалаға әкім болу оңай емес. Ерболат Досаев үш жылдан астам уақыт әкім болған кезеңде Алматы елеулі өзгерістерді бастан өткерді. Қаланың экономикасы ілгері басып, тұрғындардың өмір сүру сапасы мен инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Бұл кезең Алматы тарихында қарқынды даму мен тұрақты өсім дәуірі ретінде қалары сөзсіз. Осы тұста, Dalanews.kz Досаевтың 3 жылда атқарған жұмыстарына шолу жасады.

Алматының дамуының негізгі тірегі – инженерлік инфрақұрылымның түбегейлі жаңаруы. Қаланың су құбырлары мен кәріз жүйелері ескі еді. Кейінгі үш жылда 538 шақырымдық су жүйелері қайта жөнделіп, жаңадан 620 шақырым су құбыры тартылды. Нәтижесінде қаладағы ауызсумен қамту деңгейі 99,6 пайызға жетіп, желілердің тозу көрсеткіші төмендеді. Электр энергиясының тұрақтылығы да қамтамасыз етіліп, жаңа “Алмагүл” қосалқы станциясы іске қосылды. Электр желілерінің 360 шақырымы жаңартылып, инфрақұрылымның жалпы тозуы айтарлықтай азайды.

Алматының көшелері де назардан тыс қалған жоқ. Үш жыл ішінде қалада 75 шақырым жаңа жол төселіп, 650 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Сапалы жолдардың үлесі 92 пайызға жетті. Досаев қаладағы қоғамдық көлік жүйесін түбірімен жаңғыртып, экологиялық таза көліктердің үлесін 70 пайызға жеткізді. Автобустардың орташа пайдалану мерзімі 2,5 жылға дейін қысқарды. Қалада 600 газбен жүретін автобус пен 100 электробус сатып алынды. Троллейбус паркі толық жаңартылды. Қазір Алматының қоғамдық көлігіндегі жайлылық пен тиімділік жаңа деңгейге көтерілді.

Әлеуметтік инфрақұрылымға келсек, үш жыл ішінде Алматыда 18 мектеп салынды. Оған қоса 21 жаңа мектептің құрылысы жоспарланып, білім ошақтарының саны 434-ке жетті. Қалада мектеп тапшылығы 5 мың орынға дейін азайды. Әсіресе "Мектеп автобусы" жобасының арқасында қала шетіндегі 16 мыңнан астам оқушы мектепке қиналмай жетіп жүр. Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай өзгерістер болды. Алматыда 12 медициналық мекеме салынып, денсаулық сақтау мекемелерінің жабдықталуы 96,4 пайызға жетті. Бұл Алматы тұрғындарының өмір сапасын арттырған негізгі факторлардың бірі.

Қала әкімінің ең көп сыналған және күрделі мәселенің бірі – бейберекет құрылыс еді. Досаев әсіресе таулы аймақтағы заңсыз құрылыстарға қарсы күресті. Қала бойынша үш жылда 90 заңсыз нысан сүрілді. Тұрғындардың наразылығын тудырған нүктелі құрылыстар мәселесі бойынша әкімнің жеке араласуымен бірқатар жоба тоқтатылып, кейбір аумақтарда жасыл аймақтар пайда болды.

"Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы да Алматының жаңа тынысын ашты. Бұл бағдарлама арқылы тұрғындар өз ауданына қажет жобаларды ұсынып, дауыс беріп, үздік идеялар қала бюджетінен қаржыландырылды. Кейінгі үш жылда бағдарламаның қаржысы 2,6 есеге артты, нәтижесінде жыл сайын қалада 300-ден астам шағын инфрақұрылым жобасы жүзеге асып отыр.

"Жасыл Алматы" жобасы аясында қалада соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Әкімнің тапсырмасымен жаңа талаптар бекітіліп, ағаштарды күтіп-баптау, қорғау ережелері қатайды. Автоматты суару жүйесі орнатылып, қала экологиясына ерекше көңіл бөлінді.

Экономикалық көрсеткіштер де қарқынды өсті. Үш жылда Алматының ішкі өңірлік өнімі екі есеге артып, 29,2 триллион теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы өнім көлемі 7,5 миллион теңгеден 12,9 миллион теңгеге дейін өсті. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы тіпті кейбір мемлекеттерді басып озады. Қалаға тартылған инвестиция көлемі 5,2 триллион теңгені құрап, Алматы елдегі инвестициялық тартымды қалалардың көшін бастады. Бюджет кірісі де екі есеге артты. 2025 жылы Алматы бюджеті алғаш рет 2,4 триллион теңгеден асып түсті.

Алматы экономикасының басты драйвері – шағын және орта бизнес. Үш жылда қаладағы шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өнімнің 60,3 пайызына жетті. Қазір Алматыдағы экономикалық белсенді халықтың 85,6 пайызы осы салада еңбек етуде.

Жалақы деңгейі де айтарлықтай көтерілді. Кейінгі үш жылда Алматы тұрғындарының орташа жалақысы 329 мың теңгеден 539 мың теңгеге дейін өсіп, өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарды. Әсіресе ақпараттық технология саласындағы қызметкерлердің табысы айрықша артқан.

Алматы туризм бойынша да биік белестерге көтерілді. Туристер саны 91,8 пайызға өсіп, мегаполис халықаралық деңгейде мойындалды. The New York Times пен Wanderlust рейтингтеріне енді. Туристер үшін 43 қонақүй салынып, 26 туристік инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылуда. Бұл Алматының келешегіне салынған маңызды инвестиция.

Қорыта айтқанда, Досаев басқарған үш жылда Алматы айтарлықтай жаңа тыныс алды. Атқарылған жұмыстар қала дамуына тың серпін берді. Бұл оң өзгерістер Алматының ұзақ мерзімді дамуының іргетасын қалап, алдағы онжылдықтарға нақты бағдар болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар