Дональд Трамп: «Қазақстанға инвестиция салуды арттырамыз»

Dalanews 17 қаң. 2018 05:39 835

АҚШ Қазақстанды Орталық Азиядағы әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде қарастырады. Бұл туралы бүгін Ақ үйде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екеуара кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасау барысында Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дональд Трамп «Құрметті, Президент! Сіз ел тізгінін ұстағалы маңызды жұмыстар атқардыңыз. Ақ үйде Сізді қабылдау мен үшін абырой. Менің шақыртуымды қабылдап, осында келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азиядағы тәуелсіз, егемен, әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде қарастырып келеді. 1991 жылы Рождество мерекесінің алдында Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындауымызды мақтанышпен айтамыз», – деді Дональд Трамп.

Сонымен қатар ол  Қазақстан мен АҚШ тарапы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тізе қосып жұмыс істеп келе жатқанын, Қазақстан өзіндегі ядролық қарудан бас тартып, ұрпағы үшін қауіпсіз және бейбіт болашақ қалыптастырғанын баса айтты.
– Біз алдағы уақытта Қазақстанға инвестиция салуды арттыруды көздеп отырмыз. Әсіресе, энергетика секторына баса назар аудармақпыз. Қазіргі таңда Қазақстанмен стратегиялық әріптестігіміз ілгері жылжып келеді. АҚШ пен Орталық Азия арасындағы әріптестік көпшіліктің күткенінен әлдеқайда жедел жүру үстінде. Ауғанстандағы біздің әскерімізге айтарлықтай көмек көрсетіп келеді. Екі арадағы әріптестік Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметіне кірісуімен одан әрі нығая түсуде, – деді АҚШ Президенті.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар