Дональд Трамп 80 жасқа толуына орай Ақ үйде UFC турнирін өткізеді

Ақтоты Жапатова 06 қаз. 2025 11:02

АҚШ президенті Дональд Трамп 2026 жылдың 14 маусымында, яғни өзінің туған күнінде, Ақ үй аумағында алғаш рет UFC аралас жекпе-жек турнирін өткізетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 5 қазанда Вирджиния штатындағы Норфолк теңіз базасында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz 

UFC ұйымының басшысы Дэйна Уайттың айтуынша, турнирден кейін оңтүстік көгалды қалпына келтіру үшін 700 мың доллар бөлінеді. Сондай-ақ, бұл шара АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралардың бір бөлігі болмақ.

Дональд Трамп пен Дэйна Уайттың достығы 2000-жылдардың басында басталған. Сол кезде Трамп Атлантик-Ситидегі өзінің алаңдарын UFC турнирлеріне берген еді — ол уақытта басқа ареналар мұндай жарыстарды қабылдаудан бас тартқан болатын. Содан бері Трамп жиі жекпе-жек турнирлеріне қатысып, бұл спорт түріне ерекше қызығушылығын білдіріп келеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұған дейін Трамп UFC турнирін Ақ үй маңында өткізгісі келетінін айтқан, алайда нақты күнін көрсетпеген. Егер бұл жоспар жүзеге асса, тарихта алғаш рет Ақ үйде аралас жекпе-жек жарысы өтпек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар