Дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман Fly Arystan әуе компаниясының домбыра алып жүруге қатысты талаптарын сынға алды. Оның айтуынша, компания ұлттық аспапты бортқа кіргізуге рұқсат бергенімен, жолаушылар үшін қосымша қолайсыздықтар сақталып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында жуырда ұшақпен сапарлау кезінде жаңа талаптарға тап болғанын айтты.
«Ұшақта домбыраны алып жүруге рұқсат берді деп еді. Сөйтсек, Fly Arystan компаниясына қосымша бес мың теңге төлеуің керек екен. Бес мыңды қойшы... Енді бір адамның екі қол жүгін алып өтуіне тыйым салып тастапты. Қолыңда домбыраң, шағын коферде сахналық киімің болады. Екеуінің біреуін багажға тапсырасың», – деп жазды ол.
Әншінің сөзінше, мұндай талаптар әсіресе гастрольдік сапармен жиі жүретін өнер адамдарына қиындық туғызады. Оның пікірінше, домбыраны бортқа алып кіруге рұқсат беру мәселесі толық шешілмеген.
«Бұлардың домбыраға рұқсат бергенімен, бәрібір қорлауы қоса жүргенін бүгін біліп қайран қалып отырмын», – деді Еркін Шүкіман.
Өнер иесі сондай-ақ Fly Arystan мен Air Astana әуе компанияларындағы талаптардың айырмашылығына назар аударды.
Оның айтуынша, Air Astana рейстерінде жолаушылар домбыра мен қол жүгін еш кедергісіз алып өте алады. Осыған байланысты әнші Fly Arystan-ның ұлттық аспапқа қатысты ұстанымына түсінбей отырғанын жеткізді.
«Fly Arystan Air Astana-ның ішінен құрылған компания екен. Air Astana ұшақтарына домбыраңызды да, қол жүгіңізді де кедергісіз алып өтуге болады да, Fly Arystan неге домбыраға доңайбат көрсетіп келеді?» – деп жазды ол.
Айта кетейік, соңғы жылдары қоғамда домбыраны ұшақ бортына алып өту мәселесі бірнеше рет көтеріліп, ұлттық аспапқа ерекше жағдай жасау туралы талаптар айтылған болатын.