Ауыл тұрғындарын құттықтаған Қарасай ауданы әкімі Жандарбек Далабаев елді мекенді көркейтуге назар аударылып отырғанын айтты. Мәселен, облыс әкімінің қолдауымен 600 орындық орта мектептің құрылысына қажетті жер учаскесі сатып алынған. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, қазір сараптамадан өтуде, яғни жуық арада құрылыс басталады. Қазіргі кезде Долан ауылында тозығы жеткен ғимаратта тек бастауыш мектеп қана бар.
Салтанатты шарада «GOLDENCITI DS» мердігер ұйымының өкілі Данияр Қарақұл учаскелік дәрігер Гүлнұр Шенееваға нысанның символдық кілтін тапсырды.
Амбулаторияның жобалық құны – 460 млн. теңге. Нысан бір ауысымда 25 адам қабылдай алады. Ғимараттың алаңы – 550 шаршы метр, онда тіркеу орны, дәрігерлердің кабинеттері, күндізгі стационар, стоматология, гинекология, процедура және физиотерапевт кабинеттері, лаборатория, изолятор, фильтр және т.б. 18 бірлік қызметкерлер штаты бар, соның 2-еуі – жалпы тәжірибелі дәрігер, 7 медбике.
Атап өтсек, Долан ауылында бұған дейін шағын фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеген. Ауыл тұрғындарына көбіне дәрігер мамандарға қаралу үшін Алмалыбақ ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға баруына тура келетін. Енді ауыл тұрғындары өз елді мекенінде кәсіби білікті мамандардың медициналық көмегіне жүгіне алады.
Еске салсақ, Алматы облысында медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін және 2025 жылға дейін шалғай ауылдарды медициналық нысандармен қамту үшін 109 нысанның құрылысы жоспарланған, соның 23-і – биылғы жылы салынады, бұның ішінде 20-сы – блокты-модульді медпункт.