Сылтау ғана. Әншейін сылтау ғана. Мемлекеттік тілді меңгере алмай жүргендер анығы, қазақ тілін үйренуге құлқы жоқ екенін мойындағысы келмейді. Жан қинағысы жоқ.
Мемлекеттік тілді өмір бойы үйренбей өтетіндермен күресу қиын сосын. Жеңе алмайсың. Айттық қой, сылтауы таусылмайды деп. Қазақша сөздіктер аз дейді, қазақша курстар жоқ дейді. Алдарына тосу керек. Сөздіктер де, курстар да бар, белгілісі. Сонда да үйренгісі жоқ. Себеп неде, сонда? Ниеттің жоқтығында, құлықтың аздығында шығар, бәлкім.
Әйтпесе, бір жылдың ішінде қазақша үйреніп алған Джулия Маклейннен қай жері кем олардың? Емін-еркін сөйлеп тұр. Акценті де жоқ. Құдды Қазақстанда туған, қазақтілді ортада өскен сияқты. Қызығы, қазақылығы да бар. Бұл қандай құдірет?
ЭКСПО-ны көру үшін сонау Америкадан келген Джулия қазаққа күйеуге тиіпті. Ерлі-зайыптылар қазір көрмені насихаттап жүр. Келушілерді күтіп алады. Ағылшын тілді алыс елдерден келген туристермен пікір алмасады, жөн көрсетеді, жол сілтейді.
Астанада жүргендеріне екі ай болған. ЭКСПО басталғалы бері осында. Шет елден келгендері бірден білінеді. Жүздері жылы. Езулерінен күлкі кетпейді. Тұрмыс тоздырмаған. Өмір шаршатпаған.
Джулияның жолдасы Қаулан Құсайынхан Қытайдан оралған. Қандасымыз. Бірақ, әзір АҚШ азаматы екен.
Екеуі осыдан 6 жыл бұрын Қазақстанда танысқан. Жарты жыл бұрын шаңырақ көтеріпті.
«Бір жыл бойы қазақ тілін оқып-үйрендім. Меңгеріп алдым. Қазақстанда емес, Америкада оқыдым. Қазір қазақшамның жетіле түсуіне көмектесіп жатқан екі ұстазым бар. Бірі Шымкентте, бірі Шортандыда тұрады», – дейді.
Қазақшасы біздегі «қ» мен «ң»-ға тілі келмейтін талай шенеунікке қарағанда көш ілгері. Анығы, бұл білгені де жетіп тұр. Бірақ, Джулияға аздық еткенге ұқсайды. Ұстаз жалдапты, сол үшін. Айттық қой, мәселе ниетте деп...
Қаулан болса Қытайда туған, Қытай мектебін бітірген.
«Үйде де, түзде де қазақша сөйлеймін, бірақ. Отбасым да солай» дейді қазір АҚШ-тың Калифорния штатында тұратын қандасымыз.
Алыс құрлықтан ат терлетіп келген Қаулан қытай тілін де жетік біледі. Көрмеге келген қытайлық туристер алдымен Қауланның көмегіне жүгінеді екен. Қандасымыз өз кезегінде оларға Қазақстан, көрме туралы толыққанды ақпарат беруге тырысып жүр.
Джулияның қазақша үйренуіне Қауланның ықпал еткені анық. Барған жерін сыйлағаны бұл. Сыйлаудың не екенін сезбейтіндер, сезбей өтетіндер де бар. Қазақстанды орыстілді ел деп ойлайтындар да көп... Қаулан солай ойлайтындардың қатарында болса, шетелден алған әйелі де ЭКСПО-да орысша сайрап тұрар еді.
Ал орыстілді БАҚ Джулияның қазақша сөйлейтінін елемеген сыңай танытты. Артық жарнама жасағысы келмеген шығар. Онсызда да өсіп келе жатқан қазақтілді сегментті шетқақпайлаған түрі деп топшыладық.
«ЭКСПО бізге қатты ұнады, жақсы әсер алдық. Көрменің мазмұны өте ауқымды және ондағы таныстырылымдар тамаша. Бұл қазақстандықтарға және әлемнің түкпір-түкпірінен келгендерге, оның ішінде Орталық Азия елінің азаматтарына халықаралық деңгейдегі іс-шараны өз көзімен көруге мүмкіндік беретін айырықша шара. Біздіңше, Қазақстан павильоны ең әдемісі. Халықаралық көрме Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын көрсетеді», – дейді Джулияның өзі.
Қазақша сөйлеген өзге ұлттың өкілі бөтен болса да жақын, қазақша білмейтін қазақ жақын болса да бөтен. Неге олай екен?
Думан БЫҚАЙ
[video width="1280" height="720" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2017/08/Волонтеры-из-США-не-хотят-покидать-ЕХРО-2017.mp4"][/video]