Дженнифер Лопестің Астанадағы концертінен ел бюджетіне қанша теңге түспек?

Сағыныш Сардарова 08 сәу. 2025 13:58 819

​Америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес 1 тамызда Астанада концерт өткізбек. Іс-шарадан Қазақстан бюджетіне 400 миллион теңге пайда түспек. Бұл туралы Astana Venue Management компаниясының бас директоры Мәлік Хасенов Үкімет отырысында мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жоспар бойынша поп-жұлдыздың концертіне 15 мыңнан аса шетелдік турист келеді. 

"Дженнифер Лопестің келуінен Астананың экономикасына жалпы үлес 6,5 миллиард теңгеге жетеді, оның ішінде HoReCa жүйесіне және концертті өткізуден тікелей салық түсімдері 400 миллион теңгеден асады", – деді Мәлік Хасенов Үкімет отырысында.​

Айта кетейік, HoReCa – туристер мен қала қонақтарының жататын жерге, тамақтану, кафе/мейрамханалардағы қызмет көрсету және басқа да қызметтерге қанша қаражат жұмсайтынын есептейтін жүйе.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстан ауқымды мәдени іс-шараларды өткізу үшін тұрақты алаңға айналуға тиіс екенін айтты. Олжас Бектенов осы бағытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге уәде берді.

"Қазақстан осындай іс-шараларды өткізудің тұрақты орнына айналуы үшін бұл жұмысты жалғастыру қажет. Біз Үкімет тарапынан барлық қажет қолдауды көрсетеміз", - деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар