Дженнифер Лопес концертінен мемлекетке қанша табыс түсті? Министрлік жауап берді

Қаракөз Амантай 07 там. 2025 14:33

Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертіне қатысты нақты қаржы есебі әлі дайын емес. Бұл жөнінде Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлемдік жұлдыздың Астанадағы шоуына 15 мың турист келгені хабарланған. Алдын ала болжам бойынша, ел экономикасына 6,5 млрд теңге табыс әкеліп, 400 млн теңге салық түсуі тиіс болған. Осыған байланысты журналистер концерттен кейін нақты қанша кіріс түскенін, оның тікелей немесе жанама салық түрінде болғанын сұрады.

“Қазір тек ұйымдастырушылар ұсынған алдын ала мәлімет бар. Толық есепке алу үшін уақыт қажет. Бұл сұраққа Қаржы министрлігі мен Туризм және спорт министрлігі нақты жауап бергені жөн”, — деді Омарбеков.

Еске салайық, 1 тамызда Астана Аренада америкалық әнші Дженнифер Лопес өзінің Up All Night атты әлемдік турының аясында қазақстандық көрермендер алдында алғаш рет өнер көрсетті.

Дженнифер Лопестің сахналық костюмдері жайлы пікір білдірген Астана Мәслихатының депутаты Сәуле Самидин қоғамның қызу талқысына түсті. Ол жақында елордада өткен америкалық поп-жұлдыздың концертіне қатысты Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында әншінің киімі тым ашық болғанын айтып, қазақстандықтардың назарын аударды.

"Көпшілік JLO-ның ашық киімдеріне назар аударды. Тіпті 16 жастағы қызым Әмірліктерде әншінің мәдениетті құрметтеп, жабық киінгенін айтты. Әрине, біз БАӘ емеспіз, өзіміздің құндылықтарымыз бар. Бірақ біздің де менталитетіміз бар, кей образдарды жергілікті аудиторияға бейімдегені дұрыс болар еді. JLO өзіндік стилі бар жұлдыз екені рас. Бірақ бұл жағдай - жастардың мұндай дүниелерді қалай қабылдайтыны жөнінде ойлануға себеп", – деп жазды депутат.

Алайда оның бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының сын-ескертпесіне ұласты. Көпшілік Сәуле Самидиннің елдегі маңызды мәселелерге емес, әншінің киіміне назар аударғанын орынсыз деп санады.

"Құрметті Сәуле ханым! Мәслихат төрағасы ретінде сізден елдің шынайы мәселелеріне көңіл бөлуді сұраймыз: әйелдердің құқықтарын қорғау, алаяқ құрылыс компанияларымен күрес, алимент төлеуден жалтарған әкелерге қатысты шаралар, жол сапасы мен инфрақұрылымдағы жемқорлық сынды маңызды тақырыптар назардан тыс қалмауға тиіс", – деп жазды желі қолданушылары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар