Діни қарым-қатынас өзара құрмет қағидаттарына негізделуі керек

Dalanews 06 қаз. 2023 03:45 1268

Бүгінгі жаһандану заманында саяси, әлеуметтік, экономикалық тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау және нығайту мақсатындағы халықаралық деңгейдегі жиындардың жиі ұйымдастырылу керектігін әлемдік саяси жағдайлар көрсетіп отыр.

Осы орайда әлемдік істерді үйлестіруде және халықаралық қатынастардың көпполярлық жүйесін нығайту бойынша БҰҰ-ның маңызы зор екені белгілі.

БҰҰ-ның өткен 78-сессиясы «Сенімділікті қалпына келтіру және жаһандық ынтымақтастықты жандандыру: 2030 жылға дейін күн тәртібінде бейбітшілік, өркендеу, даму және барлығына бірдей тұрақтылық үшін тұжырымдалған мақсаттарына жету бойынша әрекеттерді жеделдету» деген тақырыппен әлем президенттерін диалогқа шақырды.

Әлемдік деңгейдегі маңызды жиында сөз сөйлеген Президентіміз Қ.Тоқаев халықаралық дауларды және геосаяси қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуге шақырып «бейбітшілік тек қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана емес, бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды» екенін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет басшысы «жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз.

Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс» деп, мұндай әрекеттер демократияның белгісі емес екендігін ашық айтып, қоғамдағы діни төзімділік бейбітшілік пен өзара құрмет қағидаттарына негізделуі керек деп халықаралық отырыста мемлекетіміздің позициясын тағы да айқындап берді.

Осы орайда, Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтатынын айтты. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің негізгі жұмыс органы болып табылатын Хатшылығы конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелері бойынша Әлемдік діндер лидерлерінің өкілдерімен жыл сайын басқосу ұйымдастырады. Өзінің кезекті жиынын ағымдағы жылдың қазан айына өткізгелі отырған Хатшылық мәдениеттер мен діндер арасындағы жаһандық диалогты және халықаралық талқылауларды ілгерілетуге мүмкіндік жасайды.

Бірәлі Эльмира Атиғоллақызы, Конфессияаралық және өркениетаралық
диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Дінтану сараптамасы департаментінің директоры

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар