Діни мазмұндағы материалдар жариялаған «Айгөлек» балалар журналы сынға ұшырады

Ақтоты Жапатова 27 жел. 2025 18:47

Балаларға арналған «Айгөлек» журналы діни сипаттағы әңгімелерді жариялағаннан кейін қоғамда қызу пікірталас тудырды. Атап айтқанда, басылымда жарық көрген «Шайтанның алдамшы 12 сөзі», «Тозақ» секілді материалдар ақын-жазушылар тарапынан сынға алынып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қаламгерлер журналдың негізгі аудиториясы – балалар екенін ескеріп, мұндай ауыр әрі діни тақырыптарды бүлдіршіндерге арналған басылымда жарияламау қажет екенін айтады. Олардың пікірінше, пайғамбар, шайтан, өлім мен күнә секілді ұғымдар баланың психологиясына салмақ салуы мүмкін.

Ақын Дариға Нұрашева бұл тақырыптардың бала танымына сәйкес келмейтінін атап өтті.

«Бұл – баланың түсінігіне ауыр дүние. Діни тақырыпты адам кәмелет жасқа толған соң өзі саналы түрде таңдауы керек», – деді ол.

«Айгөлек» журналында жарияланған діни мазмұндағы үзінділер әлеуметтік желілерде де кеңінен талқыланып жатыр. Бірқатар қаламгерлер басылым редакциясынан ресми түсіндірме беруді талап етті.

Өз кезегінде журналдың бас редакторы Қымбат Әбілдәқызы дауға себеп болған материалдардың профессор Мырзакелді Кемел мен Қаламқас Темірбаева жазған «Өнеге» кітабынан алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шығармалар балаларды жақсылыққа тәрбиелеу мақсатында жарияланған.

«Қазіргі таңда балалар арасында қатыгездік пен бір-біріне қастандық жасау жиілеп барады. Жас сананы тыйым арқылы тәрбиелеудің бір жолы ретінде осы материалдарды ұсындық. Ал айтылып жатқан сындарды көреалмаушылық пен журналға жазылу науқаны кезінде жасалған кедергі деп қабылдаймын», – деді бас редактор.

Дегенмен, қоғамда балаларға арналған басылымдарда қандай тақырыптар қамтылуы керек деген мәселе әлі де өзекті болып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар