Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол өз құттықтауында әрбір баланың құқығы, амандығы мен қауіпсіздігі мемлекет қорғауында екенін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды қорғау және қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келе жатқанын айтты.
Динара Зәкиеваның сөзінше, кейінгі жылдары балалардың құқығын қорғау жүйесін күшейтуге бағытталған маңызды реформалар жүзеге асырылып, заңдар мен бағдарламалар қабылданған.
Ал 2026 жылдың басында қабылданған "Қазақстан балалары" ұлттық стратегиясы қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы негізгі міндеттерді айқындаған.
Сонымен қатар, ол 2024 жылдан бері жүргізілген жұмыстың нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде әкімдіктер жанынан Бала құқығын қорғау басқармалары құрылғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл - балалардың құқығын қорғау саласындағы маңызды жетістіктердің бірі.
Динара Зәкиева балаларға көмек қажет болған жағдайда үнсіз қалмай, тиісті органдарға хабарласу маңызды екенін де еске салды.