Публицист-зерттеуші Қ. Жүкешевтің мақалалар циклі Ә. Бөкейхановтың мемлекет туралы идеялары мен ойларын бағдарға ала отырып, қазіргі Қазақстанның саяси билігі және басқарылуы аясында болып жатқан құбылыстарды дүниежүзіндегі кейбір елдердегі құбылыстармен салыстыра сипаттайды. Ә. Бөкейхан атындағы сыйлыққа ұсынылған бұл мақалалар циклі оқырман қауымды бей-жай қалдырмас деген ойдамыз.
[caption id="attachment_20235" align="alignright" width="355"] Философ Қ. Жүкешев[/caption]
Қанағат Жүкешев, философ, публицист-зерттеуші
Деспотизм Сцилласы мен патернализм Харибдасы
қыспағындағы Шығыс адамы
(1-мақала)
Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін
қам ойлайтын кез келген жоқ па?!
Әлихан Бөкейханов
Тарих философиясымен айналысқан Батыс ойшылдарының тұжырымдарына сүйенсек, қоғамды үнемi алға iлгерiлей дамуға бастап апаратын жол айқын: адамгершiлiктi басты нысанаға алып, адамның еркiндiгiнен бастау алған демократиялық құндылықтар негiзiнде жасалған қатаң заң шеңберiнде әрекет ету керек. Адамды және қоғамды жетiлдiретiн, адамның iшкi әлемiн түрлендiретін, шынайы құндылықтарды таңдап ала білу шарт. Дүниетанымның базасы болып табылатын құндылықтарды өзгерту арқылы адамның менталитетiн, әрекетiнiң мәнiн өзгертуге болады. Бұған дейін алға жылжытпай келген мешеу менталдық аппаратты дамудың әмбебап қозғаушы күші бола алатын менталдық аппаратпен алмастыру арқылы барлық жағынан артта қалып, кенжелеп келе жатқан қоғамдарды тез арада экономикалық өрлеуге, әлеуметтік жетілуге, рухани гүлденуге бағыттап жіберуге болады. Егер оны бүкiл қоғам болып ұстанатын болса, бәрi май жаққан тақтаймен сырғанағандай, алға қарай жылжи бермек.
Ендеше неге артта қалушылар қолда бар ресурстарды іске қоса отырып, қоғамның жаңа импульспен алға басуын ұйымдастырмайды?
Мұның себебін Н.Макиавелли өрлеу жолын саналы қабылдамағандықтан, мешеу қоғамдарда «барлық кезеңдерде сол бейшаралық пен нәубет қайталанады, өйткенi, тарихи ойлау ескерiлмейдi, тарихты оқитындар одан қорытынды шығара бiлмейдi немесе ол қорытындыларды билеушi бiлмейдi» [1: 246] деп түсiндiрген болатын. Ал қазіргі замандық танымал философтардың бірі Френсис Фукуяма мәселені екінші қырынан көреді. Ол былай ойлайды: «кедей елдердің алдында тұрған, олардың экономикалық дамуына тосқауыл болып отырған ең үлкен мәселе – институционалдық даму деңгейінің сәйкес бола алмауы» [2: 198].
Осы түсіндіруді XX ғасырдың аса ірі саяси қайраткерлерінің бірі Маргарет Тэтчер де қуаттаған еді: «Ислам алға тартып отырған міндеттерді шешерде ескерілуге тиіс ауқымды мәселелер бар. Олар мұсылман тұрғындары басым мемлекеттердің либералды-саяси институттар құруға қабілетсіздігінен орын алып келеді. Әйтеуір, осы уақытқа дейін солай болып отыр. Бажайлап айтқанда, бұл жолда Түркия мен Индонезияның белгілі прогреске жету мүмкіндігі бар сияқты. Саяси мәселелерді шеше алмауының салдарынан мұсылман мемлекеттері (артта қалған елдердің бәрі деп оқыңыз – Қ. Ж.) көбінесе экономикалық мешеуліктен зардап шегіп отыр» [3: 252].
Бұл түсіндірулер бізді екі бағытта ой кешуге жетелейді. Рас, Н. Макиавеллидің өмір сүрген кезінде бiлмейтіндердің көп болғанын теріске шығаруға болмайды. Ал заманауи ақпаратты кеңістікте артта қалушы елдердің билеушілері қоғамды ентелей алға бастырудың оңтайлы тетіктерін меңгеріп ала алмайды дегеніміз нағыздыққа жанаса ма? Билеуші өзі білмесе де, оның айналасындағылар – философтар, социологтар, тарихшылар, саясаттанушылар бар емес пе? Олардың бiрi болмаса бiрi оған тарихи тәжiрибеден өткен даму жолдары бар екенiн жеткiзбей тұрмайды ғой. Ой кешудің бірінші бағыты осы.
Екінші жағдайда билеуші біледі дейік. Ендеше, ол даму панацейiн қолына ұстаттқаннан кейін, саяси-либералдық тұтқаларды іске қосып, қоғамды қарыштатып алға бастырудың қамын неге жасамайды? Мінеки, осы құбылыстың сырын немен түсіндіруге болады?
Мұндай құбылыстардың орын алу себебін Шығыс қоғамдарын билеушілердің менталитетіндегі ерекшеліктермен ғана түсіндіруге болады. Батыстың сұңғыла саясатшылары мұсылман елдерінің билеушілерінің әрекеттеріндегі менталдық-психологиялық астарларын толық аңғара алмайды. Оларды, өздері сияқты, халықтың қалауымен билік басына келген соң жанталасып елін алға оздырудың қамына белсене кірісіп жүр деп ойлайды. Сондықтан ислам елдерінің жетекшілері саяси-институционалдық ұйымдастыру жағынан қате жіберіп отыр, тарихтан дұрыс қорытынды шағара алмай отыр деп санайды. Олар өзінің батыстық моральдық-адамгершілік деңгейінен қарап солай бажайлайды, бар мәселенің түйіні Шығыс жетекшілерінің іс тетігін білмегендігінде емес, білгісі және істегісі келмегендігінде екендігін ескермейді, сондықтан тек объективті қателерді ғана көреді. Бұл – салауаттылықтың қатесі.
Мәселе мынаған тірелуде: мешеу қоғамдарда адамның iшкi әлемiн жасампаздыққа қарай өзгерту арқылы дамуды қамтамасыз ету қажеттiгiн түсiнетiндер бар, түсiнбейтiндер бар және ең кесiрлiсi сол, түсiнуге зауықтылық танытпайтындар, біліп тұрып пәрменді әрекетке бармайтындар бар. Қазіргі артта қалған қоғамдардың рулінде отырғандардың құдай атқан кесiрлiгi сонда, түсiнiп тұрып, бiлiп тұрып, өзгелердiң тәжiрибесiнен көрiп тұрып, мүмкiндiгi бола тұрып елiн алға қарай iлгерiлету қамын жасамауында. Және ондайлар аз емес. Олар заманауи ақпаратты қоғамды басқарып отырса да, ел үшiн, өзi үшiн, ұрпағы үшiн қажеттi, тағдыр шешерлiк қағидалармен санаспайды, даму жолын емес, тоқырау жолын саналы түрде таңдағандар. Бұдан дамудың қозғаушы күштерін ажыратып қолына ұстатқанда әрекетке қосылатындардың және қосылмайтындардың кiмдер екенін ажыратып алу мәселесі туындайды.
* * *
Қазiргi дамыған демократиялы қоғамдардың өмiрiне қарасақ, бәрi халық бұқарасының қолында сияқты. Өркениетті қоғам мүшелері құзiреттiлiгi төмен үкіметке бағынбайды, халықты оңға бастамайтын саясатты қабылдамайды, билiктегiлердiң мемлекет деңгейiнде қателiктер жiберуiне жол бермейдi. Егер оларда билiктегiлер дұрыс басқармай жатса, халық бiрден наразылық актiлерiн ұйымдастырады: митингiлетедi, демонстрациялатады. Саяси партиялар бiрден қаперiне алып, өздерiнiң наразылықтарын бiлдiре бастайды, мәселеге қатысты шешiмдерiн, ұсыныстарын жариялайды. Түйiндi шешудiң пәрмендi жолдарын іздестіреді, табады, ұсынады. Егер оларды билiктегiлер қабылдамаса, қарсылық әрекеттер кең ауқымды қамтып, бүкiл елдi шарпыған iрi көтерiлiске, революцияға ұласып кете барады. Мұның арты билiктегiлердiң орнында қалуын ойлауы былай тұрсын, бастарын сауғалауына апарып соқтыруы мүмкiн. Осылай, өркениеттi қоғамдарда халық бұқарасы билiктiң әр қадамын бақылауға алып, ел мүддесiн ескерiп басқаруға мәжбүрлеп отырады.
Артта қалған қоғам адамынікімен салыстырғандағы дамыған қоғамдар адамының микрокосміндегі айырма мынада: Өркениетті қоғамдардың билеушілері («жоғарыдағылар») қоғамда тоқырау белгілері біліне бастағанда өзгерістерді жоғарыдан өздері бастамаса, онда бұл ынтаны халық бұқарасы («төмендегілер») өз қолдарына алады, биліктегілер алмастырылады, қоғам жаңа импульспен ілгерілеу жолына түседі. Өркениетті қоғамдар елдің даму қарқыны мейлінше жоғары болып тұрған жағдайда да мерзімі жеткенде билікте отырғандарды ауыстыра береді. Бұл әдіс билікке жаңадан келген саяси күштердің әрекетін елдің қарышты дамуы қамтамасыз етілген фонында ақиқатты тануға көмектеседі.
Мешеу қоғамдар ел экономикасын діңкесін қатыра тұралатып тастаған, күйреуге ұшыратқан саяси күштерге, егер олар «ондаған жылдардан кейін бәрі жақсы болатынына» уәде берсе, оған сенім білдіре салады, ары қарай басқара беруге мүмкіндік тудырады.
Батыста бұқара әлсiз болғанда, билеушi ақсүйектер оны алға сүйреп шықты немесе билеушi жолдан тайып бара жатқанда бұқара көтерiлiп, оны тақтан тайдырды. Осылай, бiрiн-бiрi кертартпа жолға түсiп кетуге жiбермейтiн, әдiлдiктiң үнемi жеңiп отыратын жағдайын жасайтын механизм қалыптасты.
Ал даму қарқыны төмен елдердің практикасы билеушінің қоғамды алға бастыруды ойламайтынын, бұқараның қоғамның қайда бағыт алып бара жатқанын шамалай алмайтынын көрсетіп отыр. Патерналистік психология меңдеген қоғамдардың мүшелері саяси белсенділігінің төмендігінен немесе жоқтығынан билеушілерінің әрекетін бақылауға немесе оларды дұрыс жолға бағыттауға ықпал ететін деңгейге көтеріле алмаған. Мемлекеттің ресурстарын қоғамды мешеулендіруге жұмсайтын үкіметтерге бағына береді, олардың қитұрқы саясатын қабылдайды, айтқанын істей береді. Бұқараның билікті иемденіп алған кертартпаны кетіруге шамасы келмейді. Осылай, мешеу қоғамдардың бәрінде нәтижелі өзгерістерге «жоғарыдағылар» зауықсыз, «төмендегілер» қауқарсыз ахуал орнаған.
Ежелгі грек аңызының кейіпкерлері бейнесінде сипаттағанда, артта қалған қоғам адамының екі бүйірінен қысып отырған екі «жалмауыз» бар. Олар – қоғамның даму тетігін қолына ұстаған екі рухани қозғаушы күштер субъектілері. Біріншісі – Шығыс Сцилласы – бұл елдердің адамгершілік сана деңгейі төмен билеушілері. Олар қоғамды алға бастыруды, жаңартуды, ілгерілетуді қаламайды, әлеуметтiк мәселелердi әдiл шешпейдi, керісінше, жемқорлықты өршітеді, мемлекеттiң ресурстарын жеке басының қамына жұмсайды, бұқараның бұйығылығын пайдаланып, оны езе бергiсi келедi, сауатсыздықта ұстайды, өзiне тиiмдi заңдар қабылдап, билiкте мәңгi қала берудiң жағдайын қарастырады. Екіншісі – Шығыс Харибдасы – Шығыс адамының өзінің рухани мешеулiгi, саяси-құқықтық мәдениетiнiң төмендiгi, менталдық аппаратының жетiлмегендiгi, құндылықтарының алдамшылығы, жалпы сауатының аздығы, дүниетанымының тарлығы, еркiндiгiн түсiнбеуi, міндеттерін бiлмеуi, билiкке заңды талаптар қоя алмауы, әлеуметтік бұйығылығы, құлшылығы, мәңгүрттігі.
* * *
Осы арадан жұмыртқа мен тауықтың қайсысы бiрiншi дүниеге келiп едi дегенге ұқсас сұрақ алға тартылады: дамыған қоғамдарда ол баста билеушi iзгiлiктi болып халықты белсендiлiкке бастады ма, әлде халық сес көрсетуiмен билеушiнi түзу жолға салып отырды ма?
Өркениетті қоғамдардың тарихы дамудың түпкiлiктi бастауы билеушінің қолында екендігін көрсеттi. Биліктегілердің уысына заң, қаржы, күш, медиа ресурстарының бәрі жинақталған. Егер зауықты болса, аталған ресурстарды әрекетке қоса отырып, олардың кез келген артта қалған қоғамды қарыштатып алға бастыруға мүмкіндіктері толық.
Ендеше, келесі мәселе мынаған тіреледі: мешеу елдерді басқарып отырған саяси күштердің қоғамды дамытуға зауықсыздығының ақиқатты себептері неде? Бұл сұрақтың жауабын олардың бiлiмдiк, мәдени және интеллектуалдық сапалықтарынан іздеу түпкілікті нәтижеге жеткізбейді. Ел қаншалықты кедей болса да, ақпаратты қоғам жағдайында билеушінің өз елінде қазiргi замандық ғылымның, техниканың, технологияның жетiстiктерiн пайдаланып, Батыстың жетiлген заңдарын икемдеп құрып, құқықтық негiз жасап қолдану мүмкiндiгi бар. Қажетiне қарай, инвестиция тартуға, кәсiпқой мамандар мен ғалымдарды айналасына топтастырып, жетпесе шеттен шақыртып, істі дөңгелетіп әкетуге ешкім кедергі жасай алмайды. Батыстың озық университеттерiнен бiлiм алып, Шығыс үкiметтерiнде жұмыс iстеп жүргендер де аз емес.
* * *
Мешеуліктің қолдан жасалу құбылысының сырларын түсіну үшін бір қатар әлеуметтік-менталдық талдаулар жасау керек. Дамыған және мешеу қоғамдардың билеушiлерiнiң жан әлемiн салыстыруға мүмкіндік әперетін критерийлер табылса, мәселенің мәніне мейлінше жақынырақтан үңілуге болады.
Әрине, іздеген – табады дегендей, қандай адамның болса да, жан дүниесіне терең үңілуге мүмкіндік әперетін «рентген түсірілімін» де, оның адамгершілік-моральдық сапалықтарын көрсете алатын «лакмус қағазын» да табуға болады. Бұл жерде өлшем бірлігі ретінде сыбайлас жемқорлықтың етек алуының қоғамның дамуына кері әсерін зерттей отырып, мәселенің тереңде жатқан қатпарларына үңiлiп көруге әбден болады.
Бірден ескере кету керек, сыбайлас жемқорлықтың бiр елде жоқтығын немесе аздығын, екінші бір елде барлығын немесе көптігін және бұл құбылыстың себебін білу үшін ол елдерде жүргізіліп жатқан күрестің сипатын, қабылданған заңдарды, іске асырылып жатқан шараларды тексергеннен мағына шықпайды. Мағынаға бастап апаратын нәрсе – бәрі адамдардың өздерінің қолында деген тұжырымнан бастау алады. Демек, сөзді ол елдерді кімнің басқарып отырғанынан бастау керек. Бұл жерде билеушінің білімділігі, атағы немесе беделі ештеңе айта алмайды. Мәселе оның өз еліне, оның келешегіне қатысты ұстанатын тұрғысына тіреледі. Ал билеушінің қоғамға қатысты тұрғысы оның адамгершілік сана деңгейімен, тәрбиелілігімен, бағдар тұтатын құндылықтарымен, жинақтай айтқанда, менталитетімен айқындалады. Жалпы, адамның рухани әлемін зерттеудің өз қиындықтары бар. Дегенмен, бұл бағыттағы зерттеулер де көңіл аударарлық нәтижелерге бастап апаруы әбден мүмкін.
* * *
Әдебиеттер:
- Макиавелли Н. Государь. Рассуждение о первой декаде Тита Ливия.- Ростов н/Д., «Феникс», 1998.
- Фукуяма Ф. Сильное государство: Управление и мировой порядок в XX веке. - М.: 2006.
- Тэтчер Маргарет. Искусство управления государством. – М.: Альпина Павлишер, 2003.