Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдаудың жаңа тәртібі бекітілді

Қазақстанда 1-сыныпқа құжат қабылдаудың жаңа тәртібі бекітілді
Фото: egemen.kz

Қазақстанда бірінші сыныпқа құжат қабылдаудың жаңа тәртібі мен мерзімдері бекітілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқу-ағарту министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп пилоттық жобаны іске қосты. Енді ата-аналар баласын өзі мектепалды даярлықтан өткен мектептің бірінші сыныбына автоматты түрде тіркей алады.

Яғни егер бала сол білім ордасында мектепалды даярлықтан өтсе, ата-анадан қосымша өтініш талап етілмейді. Ал басқа мектепті таңдаған жағдайда құжаттар жалпы тәртіппен қабылданады.

Министрліктердің мәліметінше, қабылдау кезеңінде жүйеге түсетін жүктемені азайту үшін арнайы "Күту бөлмесі" жүйесі енгізілген. Бұл функция арқылы ата-аналар электронды кезектегі өз орнын бақылап отыра алады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, 1-сыныпқа құжат қабылдау 2026 жылғы 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында жүргізіледі. Қабылдау кезеңдері өңірлер бойынша бірнеше кезеңге бөлінген.

Атап айтқанда:

– 27 мамырдан бастап Астана қаласы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарында;
– 10 маусымнан бастап Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында;
– 18 маусымнан бастап Шымкент қаласы, Алматы облысы, Қостанай, Павлодар және Атырау облыстарында;
– 29 маусымнан бастап Түркістан, Маңғыстау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында құжат қабылдау басталады.

Жаңа ережелер бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібіне қатысты қолданылады.