Қазақстан көмір өндіруді 129 млн тоннаға дейін арттырмақ

Қазақстан көмір өндіруді 129 млн тоннаға дейін арттырмақ
pixabay.com

Қазақстанда көмір өндіру көлемін 2026 жылы 128,9 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта елде көмір өндірумен 40 жер қойнауын пайдаланушы айналысады.

Ведомство дерегіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында көмір өндіру көлемі 115 млн тоннаны құраған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға жоғары.

Өткен жылы өндірілген көмірдің 85 млн тоннасы ішкі тұтыну мен коммуналдық тұрмыстық қажеттіліктерге бағытталған.

Ал экспорт көлемі 30 млн тонна болған.

Қазақстан көмірінің негізгі экспорттық бағыттары қатарында Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия және басқа елдер аталды.

Энергетика министрлігі мәліметінше, 2025 жылы салаға тартылған инвестиция көлемі келісімшарттардың жұмыс бағдарламалары аясында 305 млрд теңгені құраған.

Ал 2026 жылы көмір саласына шамамен 553 млрд теңге инвестиция тарту күтіліп отыр.

Сонымен қатар жыл соңына дейін көмір кен орындары бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін 10 учаске бойынша аукцион өткізу жоспарланған.

Ведомствоның дерегіне сәйкес, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде оныншы орында тұр.

Елдегі жалпы көмір қоры 33,6 млрд тоннаға бағаланып отыр.

Министрлік мәліметінше, қазіргі өндіру көлемі сақталған жағдайда бұл қор Қазақстанды 300 жылдан астам уақытқа жеткілікті ресурспен қамтамасыз ете алады.