Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи алдағы Құрылтай сайлауын бақылайтын тәуелсіз «Халық үні» бақылаушылар тобының жұмысына қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, ұсынысты журналист, Abai.kz порталының бұрынғы жетекшісі Нұргелді Әбдіғани жасаған.
«Нұргелді бауырым хабарласып: "Құрылтай сайлауына орай тәуелсіз байқаушылар тобын құрып жатырмыз. Келіңіз, бақылау науқанын ұйымдастырып көрейік", – деп ұсыныс айтты. Бірер күн ойланып, келісім бердім», – деп жазды Ермұрат Бапи.
Экс-депутаттың сөзінше, «Халық үні» бақылаушылар тобы жұмысын бастап, алғашқы баспасөз мәслихатын өткізген.
«Дос аға бұл азаматтық науқанды сонау 1998 жылғы сайлаудан бастаған тісқаққан бақылаушы. Ал мен 2005 жылғы президенттік сайлауда "Әділетті Қазақстан" қозғалысы құрамында бақылаушылық жасадым», – деді ол.
Бапи қазіргі тәуелсіз бақылаушылардың жұмыс істеу мүмкіндігі бұрынғыға қарағанда әлдеқайда шектеулі екенін айтты.
«Қазіргі бақылау топтары тап-таза жалаңаш энтузиазммен, ары кетсе халықаралық ұйымдардың тақыл-тұқыл грантымен жұмыс істейді. Бүкіл сайлауды түгілі, бірер қаланы бақылаумен жабудың өзі оңай емес», – деді экс-депутат.
Соған қарамастан, оның пікірінше, қоғам сайлауды бақылау процесіне белсенді араласуы қажет.
«Қоғам сайлауды бақылау процесіне мейлінше етене араласуы керек. Еркін, ашық, таза сайлау азаматтардың саналы жауапкершілігі мен белсенділігі арқылы қалыптасады», – деп жазды Бапи.
Сондай-ақ ол 2019 жылғы президент сайлауынан кейін белсенді болған тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы кейін әлсіреп кеткенін айтты. Бапидің сөзінше, жаңадан құрылған «Халық үні» бақылаушылар тобы ешбір партияның немесе саяси күштің мүддесін көздемейді.
«Біздің бақылаушылар үшін Құрылтай сайлауына қатысатын жеті партияның бәрі бірдей. Ешқайсысына бүйрегіміз бұрылмайды. Біздің мүддеміз – тек сайлаудың және дауыс берудің тазалығын бақылау», – деп түйіндеді ол.