Депутаттар комиссиясы тым жоғары “Яндекс.Такси” қызметіне шағымданып, тарифін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазақстан халық партиясы" фракциясының бес мүшесі Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровқа депутаттық сауал жолдады. Мәжіліс депутаттары "Яндекс.Такси" мен қазақстандық нарықта жұмыс істейтін басқа да компаниялар үшін комиссиялық мөлшерлемені төмендетуді талап етті.
Олар сервистік компаниялардың қызметтері үшін комиссияны тапсырыстың 5-7%-ына дейін төмендетуді немесе бір тапсырыс үшін белгіленген төлемді 50 теңгеден 70 теңгеге дейін белгілеуді ұсынды. Сонымен бірге таксидегі платформалық жұмысқа қазақстандық компанияларды қолдайтын тетіктерді әзірлеуді ұсынды.
Қазақстан такси қызметінің құны бойынша әлемдік рейтингте 73-ші орында тұр. 2024 жылдың наурыз айының соңында қызмет құны бір километрге 0,67 долларды құрады. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Депутаттар “Яндекс.Таксиді” іс жүзінде "монополист" деп атайды. Компанияның Қазақстанда өркендеп, кең етек жаюы нарық жағдайын бақылауға және оған ықпал етуге мүмкіндік береді.
Яндекс.Такси комиссиясы аймаққа және тарифке байланысты 11%-дан 17%-ға дейін өседі, сонымен қатар таксопарктер үшін тағы 4% комиссия алады. Қазір Қазақстанда 200 000 адам “Яндекс.Таксиде” жұмыс істейді. Соның ішінде 50 000 адам негізгі табыс көзін осы жерден табады. Мәжілісмендер бұл қызметте қосымша табыс тауып жүрген азаматтардың жағдайын ақша тапшылығымен байланыстырды.
Өткен жылдың желтоқсан айында "Яндекс.Такси" жүргізушілерінің орташа жалақысы 493 000 теңгені құрады. Бірақ бұл сомадан жанармай мен жууға кететін шығындарды алып тастау керек. Сонымен қатар автокөліктің табиғи тозуын да ескерген жөн. Осы жағдайларға сәйкес такси жүргізушілерінің жалақысы айтарлықтай төмендейді.
"Біз азаматтарымыздың такси қызметтері үшін жоғары қаражат төлейтінін әділетсіз деп санаймыз, ал жүргізушілер бұл соманың аз ғана бөлігін таза табыс ретінде алады", - деп түйіндеді депутаттар.
Құжатқа Қазақстан халықтық партиясынан мәжілісмендер Кенжеғұл Сейітжан, Ислам Сұңқар, Ирина Смирнова, Гауһар Танашева және Мегаррам Мегаррамов қол қойды.