Депутат Жанарбек Әшімжан мен Ерлан Саиров Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай төңірегінде ойын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жанарбек Әшімжанның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда төрінде қоғамдық дертке ұласып бара жатқан бірқанша мәселені ерекше атап өтті. Осы орайда еліміздің кино саясатына қатысты өз алаңдаушылығын да білдірді.
"Естеріңізде болса қаңтар айында еліміздің кино саясатына қатысты Премьер-министрге арнайы депутаттық сауал жолдаған едім… Үкіметімнің құлағы “мүкістеу” болғандай көрінген… Есесіне Прещидент ұлттық мақсат-мұрат жолындағы маңызды мәселеге қатысты салаға жауапты органдарға. Құрылтай төрінен нақты міндеттер жүктеді. - Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.
Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн", дейді депутат.
Сонымен қатар,мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Президент баяндамасында еліміздің көптеген саяси, рухани мәселелеріне көңіл аударғанын атап өтті.
"Құрылтайдың жұмысының өзі Қазақстандағы саяси реформалар нәтижесі. Мемлекет басшысы салық реформасының логикасына тоқталды. Қазақстанның Мемлекеттік бюджетінің жартысына жуығы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған. Мемлекет әлеуметтік мәселелерді шешуді ары қарай жалғаса береді. Елімізде заңды тұлғалардың льготалары өте көп. Осы жеңілдіктерді азайту қажет", дейді Саиров.
Депутат әлеуметтік желідегі әдептілік мәселесі өте өзекті екенін атап өтті.
"Діни теріс ағымдардың жастардың сана-сезіміне теріс әсеріне тиым салу қажет. Кино саласындағы проблемаларға да назар аудару маңызды. Жақында "Шоқан Қашқарияға сапары" мультфильмі шықты. Өте қажет өнім! Осындай туындылар көп болуы тиіс. Қазақстанның солтүстігіндегі халқымыздың санының азайып бара жатқандығы жасырын емес. Бұл мәселені шешу ұлттық қауіпсіздік мәселесі. "Қазақстан Балалары" атты кешенді бағдарлама қажет. Балаларымызды ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеу керек. Геосаяси жағдай күрделеніп келеді. Отаншыл, патриот балаларды тірбиелеу керек", дейді депутат.
Ерлан Саиров Қазақстанның идеология мәселесі де өте өзекті екенін атап өтті.
"Мемлекеттік құндылықтарды терең қалыптастыру қажет. Өңірлерде театрларды салып, дамытуға баса назар аудару керек. Биыл Қазақстанның астанасының Қызылордаға көшуіне бір ғасыр болды. Сонымен қатар ұлтымыздың "қазақ" атауының ресми қайтуына да бір ғасыр болды. "ШЕКАРАЛЫҚ АУДАНДАРДЫ ДАМЫТУ" жөнінде жаңа заң қабылдау жөнінде ұсыныс жасады, Үкімет аталған мәселені шұғыл шешуі керек деп тапсырма берді! Бұл шешім шекаралық аудандарды дамытуға жоғары серпін беретіні анық!", дейді депутат.