Сенат депутаттары ауыл шаруашылығын қаржыландыру бағдарламаларына қатысты мәселе көтеріп, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды Dala News.
Депутаттардың айтуынша, Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы субъектілері мемлекеттік қолдау шараларына толық қол жеткізе алмай отыр. Мәселе «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асырылатын «Береке» және «Игілік» бағдарламаларына байланысты.
Сауалда атап өтілгендей, қолданыстағы талаптар қалалық форматтағы шаруашылықтарға сәйкес келмейді.
«Бағдарлама шарттарына сәйкес, асылтұқымды ірі қара мал сатып алу үшін несие алушының иелігінде белгілі бір көлемде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болуы тиіс. Бір бас малға кемінде бір гектар егістік немесе үш гектар жайылым жер қажет. Бұл талап ауылдық жерлер үшін қолайлы болғанымен, Шымкент қаласының ерекшеліктеріне сай келмейді», – делінген сауалда.
Депутаттар қалада ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
«Шымкенттің жалпы аумағы шамамен 116 мың гектарды құрайды, оның жартысына жуығы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Қалада 16,5 мың басқа арналған 8 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жыл сайын 700 мың тонна сүт және 8 мың тонна ет өндіріледі. Алайда бұл көлем миллионнан асатын халықтың сұранысын толық қамтамасыз ете алмайды», – деді олар.
Мәселен, сүт өнімдері бойынша қамту деңгейі 30–35 пайызды, ал ет өнімдері бойынша небәрі 12 пайызды құрайды. Сонымен қатар қаладағы сүт фермалары мен бордақылау алаңдарының үштен екісі бос тұр.
Сауалда нақты инвесторлардың да қиындыққа тап болып отырғаны айтылған.
«Жеке кәсіпкер Е. Назаров Еуропадан 2,5 мың бас асылтұқымды ірі қара сатып алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар “Қарасу” шаруа қожалығы 1200 басқа, ал “Тұран Агропродукт” кооперативі 1500 басқа арналған сүт фермасын құру жобаларын ұсынған. Алайда олар қолданыстағы талаптарға байланысты қаржыландыруға қол жеткізе алмай отыр», – делінген құжатта.
Осыған байланысты депутаттар бірқатар ұсыныс айтты. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалар үшін жер талаптарын жеңілдету, жалға алынған жерлер мен жемшөп келісімшарттарын балама ретінде тану, қалалық агроөнеркәсіпке бейімделген қаржыландыру бағдарламаларын әзірлеу және Шымкенттің ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуға қосымша қолдау көрсету ұсынылды.
Депутаттар бұл шаралар ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға, инвестиция тартуға және халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге оң әсер ететінін атап өтті.
