Депутат алдымен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының Түркістан облысында орындалу барысы туралы айтып берді.
– «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы бойынша Жол картасы бекітілген. Бүгінде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Әрбір ауданның, қаланың өз даму жоспары жүйеленіп, бағдарламаға енгізілді. Мәселен, қазірдің өзінде Бәйдібек ауданының бірнеше ауылына газ берілді. Сарыағаш ауданында мал бордақылайтын ірі кәсіпорын ашылып, жылыжай шаруашылығы бойынша жоспардағы жобалар іске асырылуда, – деген Калыйма Жантөреева Түркістан, Кентау қалаларында да жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.