Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Бас прокуратураға қазақстандықтардың Дубайдағы жылжымайтын мүлкін тексеру туралы депутаттық сауал жолдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жуырда Дубайдағы Fairmont The Palm тұрғын үй кешені маңына зымыран құлап, кейін өрт шыққан. Таяу Шығыстағы қақтығыстың жаңа кезеңі кезінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі кейбір нысандар да соққыға ұшырағаны айтылды.
Осыдан кейін әлеуметтік желілерде осы кешенде пәтері бар қазақстандықтардың, соның ішінде бұрынғы шенеуніктердің мүлкі зардап шекті ме деген мәселе қызу талқылана бастады.
Журналистік зерттеулерге сүйенсек, аталған тұрғын үй кешеніндегі 97 пәтер қазақстандықтарға тиесілі.
Пәтер иелерінің арасында көбіне «Ескі Қазақстан» кезеңімен байланысты тұлғалардың жақындары аталады. Тізімде, мысалы, бұрынғы сенат төрағасы Қайрат Мәмидің ұлы, сондай-ақ Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың жұбайы Бағдат Баталова және басқа да адамдар бар екені айтылады.
Ерлан Саиров бұл жағдайға құқықтық баға беру қажет деп есептейді.
«Мен Бас прокуратураның атына хат жолдаймын деп ойлаймын, олар бұл мәселеге құқықтық тұрғыдан баға берсін. Ал моральдық тұрғыдан алғанда, меніңше, бұл дұрыс емес. Бұл біздің елдің халқына қатысты тіпті адамгершілікке жат нәрсе», - деді Саиров Мәжіліс кулуарында.
Депутаттың айтуынша, егер бұрынғы қазақстандық шенеуніктер шетелде қымбат жылжымайтын мүлікке ие болса, онда бұл фактіге қадағалау органы құқықтық тұрғыдан баға беруі тиіс.
Қазақстандықтардың Дубайдағы жылжымайтын мүлкі туралы мәселе бұрын да көтерілген. Бұл тақырып «Азаттық радиосының» ірі журналистік зерттеуінен кейін бірнеше рет талқыланған.
2025 жылдың желтоқсанында Дубайдағы қазақстандықтарға тиесілі виллалар аукцион арқылы сатылып, олардың жалпы құны шамамен 20 млрд теңгені құраған.
