Депутат Қайрат Боранбаевтың басшылық қызметтен шеттетілуін талап етті

Қаракөз Амантай 14 қар. 2024 09:29 2133

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кәсіпкер Қайрат Боранбаевты Паралимпиада комитетінің басшылығынан шеттетуді талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның пікірінше, сотталған адамның президент жанында қоғамдық шараларға қатысуы дұрыс емес.

“Бюджет қаражатын ұрлап, жауапқа тартылған адамның паралимпиада спортына жетекшілік етуі қаншалықты орынды? Ел намысын қорғайтын ұйым қаржы жымқырған адамға сенім арта ала ма?” – деп мәлімдеді Әбенов мәжіліс отырысында.

Спорт министрі Мырзабосынов болса, министрлік Боранбаевтың жұмысына қанағаттанатынын жеткізіп, соңғы жылдары паралимпиада спортының айтарлықтай дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ұйымды басқару атқару комитетінің құзырында, ал министрлік тарапынан комитеттің қызметіне ешқандай ескерту жасалмаған.

“Басшылықтың ауысуы комитеттің атқарушы органы арқылы жүзеге асады. Бүгінгі күні министрлік тарапынан комитет жұмысына қатысты ешқандай шағым жоқ”, – деді министр.

Еске салайық, 2023 жылы Қайрат Боранбаев аса ірі мөлшерде мемлекет қаражатын ұрлады және қылмыстық кірістерді заңдастырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу деректері бойынша, 2019 жылы ол өз иелігіндегі "АзияГаз Шонжы" ЖШС арқылы газ жеткізу кезінде QazaqGaz ұлттық компаниясының қаражатын жымқырды, кейіннен ұрланған 14,5 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен алынған құсап дивидендтерді бөлу және төлеу түрінде заңдастырылған. "Тергеу барысында келтірілген залал толық көлемде өтелді...", делінген ҚМА хабарламасында. Агенттік заңсыз кірістер есебінен сатып алынған шетелдік активтерді белгілеу және бұғаттау жұмыстарын жүргізіп жатқаны да айтылды.

Сот Қайрат Боранбаевты алты жылға соттады. 2023 жылдың қарашасында кәсіпкердің бостандыққа шыққаны белгілі болды: жазаның өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріне ауыстырылды.

Айта кетсек, Қайрат Боранбаев мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүйлерді және сауда-ойын-сауық кешендері, фитнес-орталықтар желісі, кеңсе бөлмелері және басқа да активтерін өз еркімен мемлекетке қайтарды. Атап айтқанда, бұл "АзияГаз Шонжы" ЖШС, Comfort Hotel Astana, FitNation фитнес-клубтар желісі, "ҚазТурбоРемонт" зауыты, "Алмалы"сауда-ойын-сауық кешені. Сонымен қатар, ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Ал мемлекетке өткен активтер ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүліктер және жекешелендіру комитеті қорында сақталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар