Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев 38 жастағы көпбалалы әйелдің тұсауын кесті. Бұл туралы депутат әлеуметтік желіде жазды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат әрі блогер Мұқаев осы күнге дейін 3600-ге жуық баланың тұсауын кескенін, алды 9 жасқа келгенін айтты.
“Өзінің өтініші бойынша 38 жастағы көпбалалы ананың тұсауын кестім. Ақ жол! Бастысы оқырманымның гештальті жабылды, арманы орындалды”, – деп жазды депутат.
Дегенмен депутаттың бұл әрекетін сынағандар да табылған.
"Мынау енді шектен шығу", "Адамдар ақылдан алжасып, не боларын білмей жүр ме?", "Бояушы бояушы дегенге сақалын бояпты дегендей", - деді желі қолданушылары.
"Д-деңгей. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев инста парақшасына “оптом” тұсау кесемін деп хабарландыру беріпті. Тіпті елу адам кезекке тұрып үлгерген. Енді келесі акция мамырдың ортасында болады деп оқырмандарына құлаққағыс қылыпты. Депутаттың деңгейін қараңыздар? Өзін қоғам қайраткері секілді сезініп жүр. Асанәлі Әшімов, Гена Головкин, Елдос Сметов сияқты танымал болса ше, шіркін?! Дәулетке тұсау кестіру дым да авторитет емес қой. Мына бала тұсау кескені үшін гонорар сұраса да таңқалмаймын. Әлде әркімнің қалтасына қарай көсіліп жапқан шапанын, символический сыйлық деп ұсынған нан салғышын немесе ырымдап берген 5-10 теңгесін пайда ретінде көре ме?
Алайда Дәулет Мұқаев оқырманының "тұсау кесу қанша тұрады?" деген сауалына "тегін" деп жауап қатыпты.
Жалпы бүгінде әлеуметтік желіні ауқымды мәселені шешіп, халықпен байланысу құралы ретінде пайдаланудың орнына, күнделікті қарабайыр қаптаған цифрлар жазылған есеп беріп, жеке имиджі үшін пайдаланатын шенеуніктер көбейген. "Бұл дұрыс құбылыс па?" деген сауалға белгілі журналист, қоғам белсендісі Гүлбану Әбенова пікірін білдірген болатын.