Депутат кәмелетке толмағандарға TikTok-қа кіруге тыйым салуды ұсынды

Көркем Алдабергенова 19 ақп. 2025 15:19 780

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан кәмелетке толмағандарға TikTok-қа кіруге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

​Жанарбек Әшімжан бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram болып кеткен дейді. 

- Өткен жылы әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық.  Сөз жоқ, қазір – ақпараттық ғасыр. Әлеуметтік желілер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Пайдалы жағы да жоқ емес. Алайда, ұлттық тәрбие мен дәстүр-салтымыздың уықтарын талқандап, ақыл тоқтатпаған, жақсы мен жаманды әлі толық ажыратып үлгірмеген балалар мен жасөспірімдердімеңдуана жегендей меңіреу әлемге бастап бара жатқан жағдайдың алдын алмасақ опық жейміз, дейді депутат.

Ол балалар мен жасөспірімдер арасында ТикТок кеңінен танымал екенін атап өтті. 

- Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр.  Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді терісәрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы ТикТок арқылытаралуда. Жасөспірімдердің ТикТоктан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес, дейді Жанарбек Әшімжан. 

Депутат әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында Тик-Токқа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алып жатқанын айтады. 

- Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстанелдері ТикТок желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Біз де жеделдетіп ТикТок-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, ТикТокты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады, дейді депутат.

Жанарбек Әшімжан үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды: 

  1. ТикТоктағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою.
  2. Елімізде ТикТокты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар