Депутат жедел-жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан бұзақыны ел алдында жазалауды ұсынды

Қаракөз Амантай 31 қаң. 2024 14:40 2991


Депутаттар Қарағандыда жедел-жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адамды жазаға тарту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.


Мәжілістегі “Аmanat” фракциясының төрағасы Елнұр Бейсенбаев Үкіметке сауал жолдап, жүргізушіні соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевтың әрекеті қылмыс қана емес, заң мен тәртіпке ашық қарсылық екенін атап өтті.



“Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.Бір жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық?” - дейді депутат.



Осы тұста Бейсенбаев бір аптадан бері іздеуде жүрген құқықбұзушыны тез арада қолға түсіру қажет екенін жеткізді.


“Нұрболат Дәкебаевты ұстаған соң сотын ашық жүргізіп, қатаң жаза тағайындау және оның барысы мен қорытындысы туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты түгел хабардар ету қажет” - дейді депутат.



Сонымен қатар ол соңғы уақытта адамның жеке басы мен өміріне қауіп төндіретін қылмыстардың көбейіп кеткенін де еске салды. Депутаттың айтуынша, кез келген қылмысқа қоғамды мүлдем төзбеушілік мәдениетін жаппай қалыптастыру қажет.



Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Қарағанды тұрғыны жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соққан болатын. Нәтижесінде жүргізушіның мұрны мен қабырғасы сынып, көзі көрмей қалған. Полицейлер құқықбұзушының кім екенін анықтады. Қазіргі таңда бұзақыны ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар