Депутат жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануды заң жүзінде шектеуді ұсынды

Көркем Алдабергенова 21 қаң. 2026 16:13

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заң жүзінде шектеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат бұл бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан ұстанымдарымен тікелей байланыстырды.

Ерлан Саировтың айтуынша, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында қазіргі қазақстандық патриотизмнің негізгі қағидаттарын нақты айқындап берген. Олар - жауапкершілік, еңбекқорлық, заңға құрмет және дәстүрлі құндылықтарды қорғау.

Сонымен қатар, президент қоғамға жат мінез-құлық үлгілерін күштеп таңуға жол беруге болмайтынын ерекше атап өткен.

"Біз Президенттің бұл ұстанымын толық қолдаймыз. Өйткені бүгінде бұл мәселе тікелей ақпараттық және цифрлық кеңістікте болып жатқан жағдайлармен тығыз байланысты", - деді депутат.

Саиров мемлекет тарапынан заңсыз контентті бұғаттау, балаларды зиянды ақпараттан қорғау тетіктері іске асырылып жатқанын атап өтті. Алайда депутаттың пікірінше, бұл жеткіліксіз.

"Әңгіме тек контент туралы емес. Әңгіме - өсіп келе жатқан ұрпақтың санасын қалыптастыруда. Бұл - басты сын-қатер", - деді ол.

Депутат қазіргі таңда балалардың санасы күн сайын әлеуметтік желілер арқылы және ешқандай бақылаусыз қалыптасып жатқанын айтты.

"Әлеуметтік желілер бүгінде жай байланыс құралы емес. Ол - ойлау жүйесіне, моральдық бағдарға, мінез-құлыққа және жастардың өз еліне деген көзқарасына тікелей әсер ететін кеңістікке айналды", - деді Саиров.

Депутат халық арасындағы белгілі қағиданы мысалға келтірді:

"Егер мемлекет тәрбиелемесе - көшеде тәрбиелейді. Ал қазір көшенің орнын алгоритмдер басты".

Оның айтуынша, егер цифрлық кеңістікте цинизм, агрессия және кез келген құндылықты жоққа шығару кең таралса, жастардан жауапкершілік пен заңға құрмет күтудің өзі аңғалдық болмақ.

"Сондықтан цифрлық орта мәселесі - мәдениет немесе ақпарат мәселесі ғана емес.
Бұл - идеология мәселесі. Ал демек, бұл - ұлттық қауіпсіздік мәселесі", - деді депутат.

Ерлан Саиров әріптесі Сергей Пономаревтің Ұлттық құрылтайда айтқан ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Ол - 14–16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі.

Депутат бұл бастаманың халықаралық тәжірибеге толық сай келетінін атап өтті.

Атап айтқанда:

Францияда 2023 жылдан бастап 15 жасқа дейінгі балалар үшін «цифрлық кәмелетке толу» заңы қолданыста;

Норвегия мен Испанияда 2024 жылы әлеуметтік желіні өз бетінше пайдалану жасы 15–16 жасқа дейін көтерілді;

2025 жылғы қарашада Еуропарламент бүкіл ЕО елдері үшін бірыңғай минималды жас шегін - 16 жас деп бекіту жөнінде резолюция қабылдады.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен үш бағыт бойынша ресми түсініктеме беруді сұрады:

Балалар мен жасөспірімдердің ақпараттық қауіпсіздігін қорғауда жекелеген техникалық шешімдерден біртұтас мемлекеттік саясатқа көшу бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр?

Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Цифрлық даму және жасанды интеллект саласына жауапты органдардың цифрлық кеңістікте ортақ құндылықтық саясатты ілгерілетуі қалай үйлестіріледі?

Кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін заңмен шектеу мүмкіндігі қарастырыла ма?


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove