Депутат Жаңбыршин белсенді Темірлан Еңсебектің үстінен арыз жазған

Көркем Алдабергенова 01 жел. 2025 17:12

Сатиралық Qaznews24 паблигінің авторы Темірлан Енсебек Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің арызы бойынша полицияға шақырылғаны туралы адвокат Жанара Балғабаева хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Мүмкін, бұл дәстүрлі жағдайға айналып бара жатқан шығар, Qaznews24 арнасының сатиралық жаңалықтарына қатысты 274-бап бойынша Мәжіліс депутаты Жаңбыршиннің арызы түсті. Арыздың нақты мазмұны бізге көрсетілген жоқ, бізге тек тапсырма ғана көрсетілді. Досудебтік тергеу Астана қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы арқылы басталды", - деді адвокат.

Адвокаттың ойынша, 2021 жылғы іс прецедент болмақ және соңында журналистерге қарсы қудалау тоқтатылуы мүмкін.

"Біз мұндай баптардың журналистер мен белсенділерді жауапкершілікке тарту құралына айналып жатқанын көріп отырмыз. Бұл елдегі сөз бостандығына тікелей әсер етеді. Мұндай істердің барысын мұқият бақылау қажет. Әрбір шешім медиасфера мен Қазақстан азаматтық қоғамы үшін шекараларды анықтайтын прецедент болып табылады", - деп мәлімдеді «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры.

Еске салайық, "Алауыздық қоздырды" деп айыпталған Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасына кесілген еді.

Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталған Темірлан Еңсебекке қатысты қылмыстық іс қаралған болатын.

"Темірлан Еңсебек Instagram парақшасының 34 мыңнан астам оқырманы бар парақшасының әкімшісі бола отырып, басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға бағытталған, дөрекі, балағат сөздермен жазылған мәтіні бар музыкалық композициямен бірге пост жариялаған", - делінген үкімде.

Сотта мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылатын ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталғанын айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар