Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев Солтүстік Қазақстандағы ауылдар атауын қазақшалауды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Идеологияға жауапты азаматтарға сұрақ: бізде солтүстік өңірлерде елдімекендердің, көшелердің атауы қашан мемлекеттік тілімізге ауысады? Масқара ғой, айналайындар, 34 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз. Солтүстік аймаққа сенбіде барып қайттым. Кірсем, басқа бір мемлекетте жүрген сияқты сезінесің. Біздің ешкімге өкпеміз жоқ. Бірақ біз қазақ ұлты мемлекет құраушы ұлтпыз. Неге бізде қазақша болмайды? Кім кедергі? Қай жаққа сіздер қарап отырсыздар? Жан ауырады көргенде, – деді Жигули Дайрабаев.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 20 көшенің атауы қазақшаланған болатын.
Тізімдегі кейбір ұсыныстар:
▪️ Нахимов көшесі Тоқтамыс ханның құрметіне;
▪️ Кирпичная көшесі — Роза Бағланованың құрметіне;
▪️ Октябрьская көшесі — Сафуан Шәймерденовтің құрметіне;
▪️ Станционная көшесі — Сырбай Мәуленовтің құрметіне;
▪️ Местпром тұйығы — Әбу Сәрсенбаевтың құрметіне.
Сондай-ақ, Белогорка тұрғын үй алабына (Құндызды), Энергетиктер шағын ауданына (Қазығұрт) және тағы бірнеше көшеге жаңа атаулар ұсынылды.
Жақында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстандағы қала мен көше атауларын тұрғындардың пікірін сұрамастан өзгерту туралы ұсыныс білдірген еді.