Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынған тұлғалар қатарында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи де бар екені айтылды. Бұл туралы DW жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Басылым "Казахстан-Россия: кто в закрытом списке нежелательных лиц" деген атаумен Қазақстан мен Ресей, екі ел кіруге тыйым салған тұлғалар турасында мақала жазған.
"Қазақстандық сарапшылармен әңгімелесуден кейін Ресей өз аумағына кіруге тыйым салған Қазақстанның кейбір азаматтарының есімдерін анықтауға мүмкіндік туды. Олардың қатарында саясаттанушылар Досым Сәтпаев пен Димаш Әлжанов, қоғам қайраткерлері Мұхтар Тайжан мен Тоғжан Қожалы, Қазақстан Парламентінің депутаттары Ермұрат Бапи мен Айдос Сарым бар", - деп жазды басылым.
Депутат Айдос Сарым DW-ге берген сұхбатында бұл жайлы 2021 жылы білгенін мәлімдеді.
"Біздің делегациямыз Брюссельдегі конференцияға Мәскеу арқылы ұшпақ болды. Екі рейстің арасында 9 сағат үзіліс болды. Ал Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бізге Мәскеудегі өз шараларына қатысуды ұсынды. Алайда дипломатиялық төлқұжатым болса да, мені қалаға кіргізбеді. Делегация толық өтті, мен ғана қалып қойдым. Шекара бақылауын да көп уақыт өткізуге тура келді, консулды да шақырттым. Кейін ФҚК-нің бір офицері келіп, маған "персона нон грата" екенімді растайтын құжатты табыстады. Кіруге неліктен тыйым салынғаны түсіндірілмеді. Егер бұл ережені қайта бұзсам, сегіз жылға дейін бас бостандығымнан айырылуым мүмкін екен", – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін де Айдос Сарымға 2070 жылға дейін Ресейге кіруге тыйым салынғанын жазған едік. Оның сөзінше, Ресейде 2070 жылға дейін нон-грата персона ретінде танылған. Егер Ресейге кірген жағдайда қылмыстық қудалауға ұшырауы мүмкін.
"СІМ (Қазақстанның - еск.) Тина Канделакиді нон-грата персонасы деп таныды. Дұрыс. Оған артық сөз, эмоция жұмсаудың қажеті жоқ. Өзіңді құрметтей білу керек. Мен өзім де Ресейде 2070 жылға дейін нон-грата персонасы деп танылғанмын. Елдің Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ-еск.) маған ескерту жіберген, яғни шекарадан өтсем 7 жылға дейін қылмыстық қудалауға тап болуым мүмкін. Беларусьте де солай... Ешкім ештеңе түсіндірген жоқ...", - деді Айдос Сарым бұған дейін.