Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров кейінгі жылдары әскерге шақыру науқаны кезінде қиындықтар байқалып, бұған ата-аналар да алаңдаушылық білдіріп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, мұндай жағдай жастардың азаматтық борышын өтеуге деген қызығушылығына әсер етуі де мүмкін. Ол әлем елдерінен мысал келтірді:
- Оңтүстік Кореяда әскери борышын өтеген азаматтар еңбек нарығында басымдыққа ие.
- Финляндия мен Норвегияда әскери қызмет тек жауынгерлік дайындықпен шектелмей, жастарға ІТ, медицина, инженерия сынды заманауи салада дағды беруге бағытталған.
- Түркия Қарулы Күштері қуаты жағынан НАТО-да екінші, ал әлемде алғашқы жетілікке кіреді.
"Бұл деңгейге тек заманауи қару-жарақпен емес, халықтың армияға деген сенімі мен жастардың патриоттық рухының нәтжесінде жетті. Түркия жастары үшін әскери борыш тек заңмен белгіленген міндет емес, сонымен қатар, Отанды қорғау жолындағы азаматтық парыз ретінде қарастырылады. Бұған себеп болатын жағдай: әскерден кейін мемлекеттік қызмет пен білім саласында, әлеуметтік қолдау бағдарламасында белгілі бір артықшылыққа ие", - деді депутат.
Ардақ Назаров жастарды тек әскери дайындықтан өткізіп қоймай, заманауи салаларға (киберқауіпсіздік, байланыс, логистика, медицина) бейімдеп, оқыту керек деп санайды.
"Әскерден кейінгі әлеуметтік қолдау тетігі, жұмысқа орналасуға көмектесу, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін кеңейту де маңызды", - деді ол.