Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов үкіметті шетелдік мүдделерді қорғап отыр деп сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжілісменнің айтуынша, қазіргі үкімет шикізат олигархтарын және шетелдік компаниялардың мүддесін қолдап отыр. Ол Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) үкіметтің тапсырмасымен ірі тау-кен металлургия компанияларына жеңілдіктер жасап жатқанын еске салды.
"Көмір, руда мен металлдар Ресей мен Қытайға төмен тарифпен жөнелтіледі. Бұл шетелдік зауыттарға тиімді. Ал қазақстандық кәсіпорындар бұл шикізатты қымбатқа сатып алуға мәжбүр немесе мүлдем ала алмай отыр", – деді депутат.
Ол Қарағанды металлургия комбинаты ішкі нарықты қамтамасыз етпей, өнімін түгел сыртқа шығаратынын айтып, мысал ретінде Қызылордадағы стадионның құрылысында Қытай металлы қолданылып жатқанын алға тартты.
Әбеновтің пікірінше, мұндай жеңілдіктер 30 жыл бұрын, бұрынғы президент тұсында, ескі жүйеде берілген. Бірақ жаңа үкіметтің кейбір шенеуніктері сол артықшылықтарды қорғауды жалғастырып келеді. Бұл жағдай шағын және орта бизнеске кері әсер етіп отыр. ҚТЖ шығынды өтеу үшін басқа тұтынушыларға тарифті көтеруге мәжбүр.
"Бұл жеңілдіктер бұрынғы президенттің дос-жарандарына, «ескі Қазақстан» кезінде берілген. Алайда, қазіргі үкіметте әлі де сол олигархтардың мүддесін қорғап жүрген шенеуніктер бар сияқты", – деді ол.
Депутат шикізатты Қазақстанда өңдеп, жұмыс орындарын ашып, дайын өнімді экспорттауды ұсынды. Ол бұл мәселені премьер-министр Олжас Бектеновке де жеткізгенін айтты.
"Мен оған сенемін. Тәртіп орнатуға тырысып жүргенін көріп отырмын. Мүмкін бұл мәселеге әлі қолы жетпеген шығар. Бірақ ол өз айналасын мұқият зерделеуі тиіс. Бәлкім, жанында шетелдік компаниялардың пайдасын көздеп, шикізат экспортына жеңілдік беруді түрлі сылтаумен қорғап жүрген жасырын лоббистер отырған шығар. Мүмкін олардың мүддесі тек материалдық пайда емес шығар", – деді Әбенов.
Осыдан кейін депутат бұл мәселені парламентте көтеріп, тексеріс бастамақ.