Қазақстандықтардың бір бөлігі 2025 жылғы табыстары мен мүлкі туралы декларацияны 270.00 нысаны бойынша 15 қыркүйекке дейін тапсыруы керек.
Декларацияны толтыру кезінде қандай мәліметтерге назар аудару қажет екенін Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшойынова түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, бұған дейін 250 нысаны бойынша алғашқы декларациясын тапсырған азаматтар ондағы мәліметтерді жыл сайын 270 нысанына қайта енгізу керек пе деп жиі сұрайды.
"Мұны істеудің қажеті жоқ. Мәселен, 250.00 нысанындағы кіру декларациясында көрсетілген қолма-қол ақша қалдығын жыл сайын 270.00 нысанында қайта көрсету талап етілмейді", - деді Раушан Тасшойынова.
Алайда жекелеген активтерге қатысты басқа талаптар қолданылады. Мысалы, шетелдегі пәтер 2025 жылғы 31 желтоқсанда азаматтың меншігінде болса, оны жыл соңындағы мүлік ретінде 270.04 қосымшасында көрсету қажет. Ал шетелдегі мүлік 2025 жылы сатып алынған немесе сатылған болса, бұл операциялар туралы мәліметтер де декларацияда бөлек көрсетіледі.
Ірі көлемдегі сатып алулар да декларация тапсыруға негіз болуы мүмкін.
"Егер азамат 2025 жылы Қазақстанда немесе шетелде жалпы құны 20 мың АЕК-тен, яғни 78,64 млн теңгеден асатын мүлік сатып алса, декларация тапсыруға міндетті. Бұл ретте бір ғана нысанның емес, жыл ішінде жасалған тиісті сатып алулардың жиынтық құны есепке алынады", - деп түсіндірді сарапшы.
Мұндай мүлікке жылжымайтын мүлік, автокөлік, компаниялардағы қатысу үлестері, бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына қатысу үлестері және инвестициялық алтын жатады.
Шетелдік банктердегі қаражатқа қатысты да жеке талап бар. Раушан Тасшойынованың сөзінше, егер 2025 жылғы 31 желтоқсанда шетелдік банк шоттарындағы ақшаның жалпы сомасы 1 мың АЕК-тен немесе 3,932 млн теңгеден асса, 270.00 нысанын тапсыру қажет.
Дебиторлық және кредиторлық берешекке қатысты тәртіп өзгеше. Белгіленген талаптарға сай келетін берешек есепті жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша көрсетіледі.
"Егер қарыздың бір бөлігі өтелсе, декларацияда оның 2025 жылғы 31 желтоқсанда қалған сомасы жазылады. Ал берешек толығымен өтелген болса, есепті күнге қарай ол жоқ деп есептеледі", - деді салық кеңесшісі.
Сарапшы 2025 жылы жұмыс беруші арқылы өзге де салықтық шегерімдердің алдын ала сомасын пайдаланған азаматтарға да ерекше назар аударуды ұсынды.
Жыл ішінде жұмыс беруші мұндай шегерімдердің алдын ала белгіленген сомасын растайтын құжаттарсыз қолдануы мүмкін. Алайда жыл қорытындысында шегерімнің нақты мөлшерін есептеп, оны тиісті құжаттармен растау керек.
Бұл талап оқу мен медициналық қызметтерге жұмсалған шығындарға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша төленген сыйақыға және ерікті зейнетақы жарналарына қатысты.
"Қазірден бастап келісімшарттарды, төлем құжаттарын және шығынды растайтын өзге де құжаттарды тексерген жөн. Егер құжатпен расталған нақты сома алдын ала қолданылған шегерімнен аз болса, жеке табыс салығын қосымша төлеу қажеттігі туындауы мүмкін. Салықтық шегерімге құқығын растайтын құжаттарды талап қою мерзімі ішінде сақтау керек. Жалпы жағдайда бұл мерзім үш жылды құрайды", - деді Раушан Тасшойынова.
2025 жылы бағалы қағаздармен операция жасаған азаматтар да заңнамадағы өзгерістерді ескеруі қажет.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бағалы қағаздарды сатудан түскен табысты есептеу тәртібі өзгерді. Енді есептеу кезінде операциялардың оң және теріс нәтижелері қатар ескеріледі.
Тиісті түзетулер 2025 жылғы шілдеде қабылданғанымен, олардың күші сол жылдың 1 қаңтарынан бастап туындаған қатынастарға қолданылады. Сондықтан жаңа тәртіп 2025 жылғы табыстарды декларациялау кезінде ескерілуге тиіс.
Цифрлық актив иелеріне де арнайы талаптар қарастырылған.
"2025 жылғы 31 желтоқсанда азаматтың меншігінде цифрлық активтердің болуы олардың құнына қарамастан, 270.00 нысанын тапсыруға дербес негіз саналады. Егер жыл ішінде цифрлық активтермен операциялар жасалса, өз бетінше салық салуға жататын табыстың бар-жоғын да тексеру қажет", - деді сарапшы.
Раушан Тасшойынованың айтуынша, 15 қыркүйекке дейін 2025 жылы алынған табыстарды, шетелдегі мүлікті, шетелдік банк шоттарындағы қаражатты, ірі сатып алуларды, цифрлық активтерді және салықтық шегерімдерге қатысты құжаттарды тексеріп шығуға уақыт бар.
"Осының бәрін алдын ала тексеру азаматтың 270.00 нысанын тапсыруға міндетті немесе міндетті емес екенін анықтауға, сондай-ақ декларацияда қандай мәліметтер көрсетілуі керектігін нақтылауға көмектеседі", - деп қорытындылады сарапшы.