Алматыда студенттер жатақханасынан 5 мыңнан астам орын жетіспейді

Алматыда студенттер жатақханасынан 5 мыңнан астам орын жетіспейді
pixabay.com

Қазақстанда жаңа оқу жылында студенттер саны 740 мыңнан асады деп күтіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоғары оқу орындарындағы негізгі мәселе Алматыдағы жатақхана тапшылығы болып отыр. Қалада 5 176 орын жетіспейді, деп мәлімдеді Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазақстанда қазір 123 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның 107-сі азаматтық университеттер. Биыл мемлекеттік гранттар саны өткен жылғы деңгейде сақталған.

Бакалавриатқа қабылдау 25 тамызда аяқталады. Биыл мемлекеттік грант конкурсына шамамен 127 мың талапкер қатысқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мың адамға көп. Конкурс нәтижелері 7 тамызда жарияланып, бөлінген гранттардың 98 пайызы игерілген.

Мемлекеттік гранттардан бөлек, әкімдіктер, жоғары оқу орындары, түрлі қорлар мен ректорлардың есебінен шамамен 5 мың қосымша грант қарастырылып жатыр. Магистратура мен докторантураға қабылдау 28 тамызға дейін жалғасады.

Министрлік жоғары білімнің еңбек нарығымен байланысын күшейтуге де басымдық беріп отыр. «Самұрық Қазына» қорының портфельдік компанияларында жыл сайын шамамен 10 мың студент дуалды оқудан және өндірістік практикадан өтеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл форматқа 4 300-ден астам студент тартылған.

Дуалды оқыту тау кен ісі, энергетика, IT, электр техникасы, теміржол көлігі, телекоммуникация, цифрлық технологиялар, ресурстарды өндіру және өңдеу салаларын қамтиды.

Жаңа оқу жылында Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті де студент қабылдай бастайды. Шамамен 600 білім алушы қабылдау жоспарланған. Оның ішінде бакалавриатқа 400 студент, магистратураға 100 адам қабылданады. Сонымен қатар «Самұрық Қазына» өзінің 100 қызметкерін MBA AI+X бағдарламасы бойынша оқытуды жоспарлап отыр.

Жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану да кеңейтіледі. Қазірдің өзінде ҰБТ сертификаты eGov жүйесінде қолжетімді, AI-прокторинг пен AI-Talapker іске қосылған.

Алдағы кезеңде AI-Admission, AI-Onboarding, жеке білім беру траекториясы, цифрлық құзыреттер профилі, AI-Library, AI-психолог және AI-Career сияқты жасанды интеллект шешімдерін оқу процесіне енгізу жоспарланған.

Студенттерге жатақхана беру қызметі 2024 жылдан бастап проактивті форматқа көшірілген. 2025 жылы осы жүйе арқылы 48 282 проактивті қызмет көрсетілді. Жүйе студенттің қажеттілігін автоматты түрде анықтап, өтініш қалыптастырады және шешім қабылданғаннан кейін хабарлама жібереді.

Министрдің айтуынша, республика бойынша жалпы жатақхана тапшылығы жоқ. Негізгі проблема Алматыда қалып отыр.

2026 жылы ел бойынша 18 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Олардың жалпы сыйымдылығы 6 857 орынды құрайды. Қазір 7 жатақхананы іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, жыл соңына дейін тағы 11 жатақхананы пайдалануға беру көзделген.

Алматыда Халықаралық білім корпорациясының 339 орындық жатақханасы биыл пайдалануға берілді.

Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінің аумағында 1,5 мыңнан астам студентке арналған екі жатақхана дайын. Оларды 22 тамызда ашу жоспарланған.

Оқу жылы басталған кезде студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналасуға қатысты болады. Осыған байланысты Алматыда студенттер мен ата аналарға ақпарат беру үшін ахуалдық орталық жұмыс істейді. Өткен жылы орталық 3 мыңнан астам студентке көмек көрсеткен.

Сонымен қатар Алматыда тұрақты жатақхана табылғанға дейін студенттерді уақытша орналастыруға арналған Дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұнда 50 орын қарастырылған. Былтыр орталықта 55 студент уақытша орналастырылып, кейін тұрақты жатақханаға ауыстырылған.

Барлық өңірде студенттік омбудсмендер де жұмыс істейді. Олар оқу процесі, жатақхана және әлеуметтік мәселелер бойынша студенттердің өтініштерін қарауға көмектеседі.