"Аутизм Қазақстан" қауымдастығы ғылыми дәлелденбеген тәсілдер арқылы аутизмді толық емдеуге уәде беретін орталықтардың қызметін қатаң бақылауға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған Мәскеуде жеке клиниканың директоры мен дәрігерінің ұсталғаны себеп болған. Тергеу мәліметінше, олар аутизмі және ауыр неврологиялық диагнозы бар балалардың ата-аналарына тиімділігі дәлелденбеген қымбат емдеу әдістерін ұсынған.
Осы оқиғадан кейін қауымдастық Қазақстанда да осындай орталықтардың жұмысына бақылауды күшейтіп, ата-аналарды адастырып, жалған үміт сыйлайтын адамдарды жауапқа тарту қажет екенін мәлімдеді.
"Қазақстанда да осындай клиникалардың басшыларын көптеген ата-ананы жаңылыстырғаны үшін жауапқа тартатын тетік қажет. Қазір бұл салада жосықсыз клиникалар мен жекелеген адамдар еш кедергісіз жұмыс істеп, ғылыми тұрғыда дәлелденбеген әдістер арқылы аутизмнен "ғажайып жолмен айықтыруға" уәде беріп жүр", - делінген қауымдастық мәлімдемесінде.
Ұйым мұндай орталықтарды тиімді бақылау үшін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілеттігін кеңейтуді ұсынды.
Бұған дейін Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі де ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарына үндеу жасаған еді. Ведомство аутизм спектрінің бұзылысы ресми түрде танылған нейродаму ерекшелігі екенін еске салды. Ол баланы дұрыс тәрбиелемеуден, гаджет қолданудан немесе вакцина салдырудан пайда болмайды.
Қазіргі уақытта аутизмді қысқа мерзім ішінде толық емдеп жіберетін ғылыми дәлелденген тәсіл жоқ. Дегенмен мамандардың көмегімен баланың мінез-құлқын түзетуге, қарым-қатынас және әлеуметтік ортаға бейімделу дағдыларын дамытуға болады.
Дәрігерлердің айтуынша, "ғажайып ем" ретінде ұсынылатын терапиялар, күмәнді дәрі-дәрмектер мен жалған ғылыми әдістер отбасыларды адастырып қана қоймай, баланың білікті көмек алуына қажет уақытты жоғалтуы мүмкін.