Дариға Назарбаеваға тиесілі болған астанадағы "Думан" қонақүйі мемлекетке қайтарылып,аукцион арқылы сатуға қойылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бір қызығы Назарбаева қонақүйді 4,3 миллиард теңгеге сатып алған. Ал аукционда ғимараттың старттық бағасы - 41 миллиард теңге.
Shishkin_like телеграм арнасының мәліметінше, қонақүй сатылатыны туралы ақпарат мемлекеттік мүлікті сатуға арналған электрон сауда алаңында пайда болған. 18 қабаттық ғимарат сол жағалауда орналасқан. Ішінде жалпы 211 бөлме, 2 президенттік люкс бөлме, бассейн, фитнес клуб, батут паркі, боулинг орталығы бар.
Аукцион 21 тамызда басталады. Сатып аламын деген адам алдымен 110 миллион теңге кепілдік жарна төлеуі керек.
Дариға Назарбаева қонақүйді DLS Group Kazakhstan компаниясы арқылы басқарып отырған. Экс-президенттің қызы қонақүйде 2007-2017 жылдар аралығында құрылтайшы болған.
DLS Group Kazakhstan 10 жыл бойы, 2024 жылдың сәуіріне дейін "Армания" ЖШС құрылтайшысы болған. "Армания" - қонақүйді басқарып отырған компания.
Қазіргі таңда Дариға Назарбаева "Арманияның" құрылтайшылар қатарында жоқ. Ғимарат "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" ЖШС-не тиесілі. Бұл компания президенттің "Заңсыз иемделінген активтерді қайтару туралы" заңы негізінде құрылған.