Дариға Назарбаева мәжіліс депутаттығына кандидат болды

Dalanews 25 қар. 2020 10:06 961

Дариға Назарбаева Nur Otan партиясы атынан мәжіліс депутаттығына үміткер болды, деп хабарлайды Dalanews.kz Sputnik-ке сілтеп.

Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде мәжіліс депутаттығына 126 кандидат бекітілді. Олардың 49-ы Орталық партиялық квота бойынша үміткер болды.

Мәжіліс депутаттығына орталық партиялық квота бойынша кандидат болғандардың арасында Дариға Назарбаева, Нұрлан Нығматулин, Асқар Мамин, Бекболат Тілеухан, Ахметжан Есімов, Тамара Дүйсенова, Бауыржан Байбек, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров және тағы басқалары бар.

Айта кетейік, кандидаттардың жалпы тізімінде парламент мәжілісінің қазіргі депутаттары 20%-тен аспайды, мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13%, білім және денсаулық сақтау саласы – 12%, үкіметтік емес ұйымдар – 9% және өнеркәсіп – 8%.

Сондай-ақ, экономистер – 28%, заңгерлер – 20%, кәсіпкерлер – 17%. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы,  11-і – ғылым кандидаты.

Тізімнің үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жасты құрады.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар