Талғар аудандық орталық ауруханасы басшылығы жоғары қысыммен ауруханаға түскен саясаткер әрі қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлының жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дәрігерлер қоғам қайраткерінің қазіргі таңда жағдайы тұрақты екенін жеткізді.
"Талғар аудандық орталық ауруханасының әкімшілігі әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттарға жауап ретінде 2024 жылғы 9 наурызда Рысбек Сәрсенбайұлының медициналық көмекке жүгіну фактісін растайды.
Науқас қан қысымының жоғарылауы туралы шағыммен жүгінді. Диагностика және емдеу хаттамасына сәйкес қажетті медициналық көмек көрсетілді.
Қан қысымы тұрақталды. Науқас амбулаториялық емделуге жіберілді", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстандағы саяси тұтқындармен жағдайды талқылау үшін конференцияға БАҚ өкілдерін, журналистер мен блогерлерді шақырған болатын. Саяси тапсырыспен өлтірілген оппозиция жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаевтың ағасы саяси тақырыпта баспасөз мәслихатын өткізбес бұрын Талғар аудандық полиция басшысы оны “сөйлесуге” шақырған. Кейін оның қамауға алынғаны туралы ақпарат расталды. Ал содан соң саясаткердің ауруханаға жеткізілгені, тіпті оның жансақтау бөліміне жатқызылғаны белгілі болды.