«Дарабоз» жазушы Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдығы ел көлемінде аталып өтуі керек – Азат Перуашев

Жарбол Кентұлы 19 ақп. 2025 15:17 623

Бүгін Парламентте Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясының депутаттары ел мүддесі жолында қызмет еткен қаламгердің есімін ұлықтау мәселесін көтеріп, жаңадан тағайындалған вице-премьер Ермек Көшербаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Сонымен қатар «ақжолдықтар» Қазақстанның Халық жазушысы, марқұм Қабдеш Жұмаділдің 90 жылдың мерейтойын ел көлеменде атап өту меселесін көтерді, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Биылғы жылы елімізде бірнеше көрнекті тұлғалардың мерейтойлары өтетіні мәлім. Соның ішінде, Әнуар Әлімжановтың 95-жылдығы, Тұманбай Молдагалиевтың 90-жылдығы бар. Осы оқиғаларға жауапты органдар дайындалуда.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы да алға қарап, келесі жылға өз ұсынысын қосайын деп отыр.  Халық жазушысы, қоғам қайраткері Қабдеш Жұмаділ келесі жылы 90 жасқа толар еді.

Қаламгердің артында 10 роман, 20-дан астам повесть, 70-тен астам шығарма қалды. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Қаздар кайтып барады» сынды мол мұра әдебиеттің алтын қорына енді.

Жазушы, өз еңбектерінде қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресін шынайы бейнелеп, ұлт бостандығы үшін жанын қиған ерлер, оның ішінде Бөгенбай, Қабанбай, Оспан батырлардың азаттық жолындағы күресін терең зерттеп, оларды тек сарбаздар ретінде ғана емес, тұтас халықтың тағдыры үшін күрескен тұлғалар ретінде сипаттайды.  

Қабдеш Жұмаділ барлық шығармаларында ұлтын ұлықтап, тіліміз бен дініміз үшін басын бәйгеге тігіп, тарихымызды қара күйеден тазартып, елдік рухымызды көтеру жолында жасаған жанкешті еңбегін мойындағанымыз жөн.

Сонымен қатар ол тек жазушы ғана емес, сондай-ақ ұлт тағдырына ерекше үлес қосқан қайраткер еді.

Ашаршылық кезінде тоталитарлы жүйеден қашып арғы бет асқан қаракөз қандастарымыздың тағдырына бейжай қарамай, олардың көші-қоны, тіл және мәдениет мәселелерін ашық көтеріп, ұлттық мүддені қорғау жолында атсалысты.

Алпысыншы жылдары Қытайда саяси жағдай күрделене бастағанда, Қабдеш Жұмаділ қазақ бауырларының ауыр болашағына араша түсті.

Мәскеуге дейін барып, бауырларымыздың көші-қонын ұйымдастыру мәселесін көтерді. Нәтижесінде, 1962 жылы 200 мыңнан астам қандасымыздың тарихи отанына оралуына себепкер болды.

Бұл оқиға ел тарихынан айрықша орын алды. Сол кезден өз жерінде ұлттық азшылыққа айналған халқымызға бас қосып, санымызды көбейтіп, оралған қандастарымыздың ұрпақтары өсіп-өніп, еліміздің лайықты азаматтары боп, Қазақстан дамуына өз үлестерін қосуда.

Қабдеш ағамыздың көзін көрген замандастары ретінде, ерлігін есте сақтау және оны лайықты түрде құрметтеу - біздер үшін борыш пен абырой.

Оның мерейін – той ретінде емес, ел бірлігі мен, ерлік пен адалдықты ұлықтайтын шара ретінде ұйымдастыру орынды.

Бұл тек өткенді құрметтеу емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа рухани бағыт беру, кім екеніміздің терең мағынасын түсіндіру үшін де мүмкіндік.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын».

Осындай тұлғаларды мақтан тұтып, олардың аманатына адал болу - біздің парызымыз.

Осыған байланысты, «Ақ жол» Демпартиясы қазақ халқының біртуар қаламгері, әрі жанашыры Қабдеш Жұмаділдің 90-жылдығын жоғары деңгейде атап өткізуді ұсынамыз.

Сонымен қатар, оның есімін ұлықтау мақсатында елді-мекендердің көшелер мен нысандарға атын беру мәселесін қарастыруды жөн деп санаймыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары

А. Перуашев

С. Ерубаев

Е. Барлыбаев

Д. Еспаева,

Қ. Иса

Е. Бейсенбаев

 

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар