Даниал Ахметов ел алдында есеп берді

Dalanews 23 ақп. 2018 07:48 1005

Бүгін Өскеменде облыс әкімі халық алдында есеп берді. Аймақ басшысының баяндамасын онлайн тәртібінде барлық аудандар мен қалалардың тұрғындары көрді. Даниал Ахметов 2017 жылды қорытындылап, биыл межеге алынған міндеттер легімен бөлісті. Шығысқазақстандықтар тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап берді.

Өткен жылы облыс әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштерін орындап, бірқатары бойынша ел ішінде үздіктер қатарынан табылды. Мәселен, ішкі аймақтық өнім көлемі 2,9 трлн. теңгеге (105%) жетті. Оған бірінші кезекте өнеркәсіп өндірісінің 102%, ауыл шаруашлығы өнімдерінің 111%, құрылыс жұмыстарының 104,5% ұлғаюы ықпал етті. 21 ауылдың 17 мың тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 102% өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% түсті.

Облыс әкімі Даниал Ахметов баяндамасында көрсетілгендей, аймақта баламалы энергияны пайдалану бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жетекші бағыты болып табылады. Биыл облыста күн, жел және су электр стансаларының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды заманауи кәдеге жарату және өңдеу мәселелері шешілуде.

2017 жылы облыста 112% өсіммен 380 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы нәтиже одан да жоғары болатынын жеткізді Даниал Ахметов.

– Біз тұрғын үй құрылысының көлемін жыл сайын 15-20 пайызға арттыруға дайынбыз. 2018 жылы 399,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Бірыңғай сәулет стилінде салынатын шағын аудандардың құрылысы бойынша жұмыстар басталды. 11 жоба әзірленіп, құрылысқа жауаптылар анықталды, –деді облыс әкімі.

2018 жылы ШҚО Елбасы Жолдауында қойылған міндеттерге сай, xалықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасады. Оның негізінде аймақта Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі бойынша білім шаңырақтарында жаңа үлгідегі салалық кабинеттер жасақталып, үш тілде білім беру жобасы жалғасын табады. Биыл 200-ден астам химия, физика, биология және информатика мұғалімдері ағылшын тілін оқып, біліктерін жетілдіретін болады. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақтық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жоғары мектеп түлектерінің кетуін азайту үшін «Білікті маман» бағдарламасы басталады.



Облыс, жалпы ел үшін ең маңызды бағыт – денсаулық сақтау жүйесі. 2017 жылы аталған саланы дамыту аясында үш жылдық стратегиялық жоспар дайындалды. Оның негізінде сала  қызметкерлері онкология, кардиология, ана мен бала денсаулығын сақтау сияқты басым бағыттар бойынша білім алу үстінде. Медициналық мекемелер замануи жабдықтармен қамтылуда. Биыл облыс бюджетінен ол үшін 3,8 млрд. теңге бөлінеді.

– Инновацияның озық үлгісі ретінде Өскемен қаласындағы 1-ші қалалық аурухана базасында ел ішіндегі бірегей «Робот техникалық хирургия және трансплантология орталығы» ашылды. Қазақстандағы жалғыз гематологиялық орталықтың құрылысын бастау үшін қажырлы жұмыс  жүруде, – деді Даниал Аxметов.

Сондай-ақ, «Digital East» (Цифрлі Шығыс) жобасы аясында Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жүйесін жаңғырту қолға алынды. 15 жылға дейін кепілі бар 25 мың шам ауыстырылады. Жылдың бірінші жартысында «Қауіпсіз қала» жүйесін іске қосу басталады. Бұл үшін 4 мың бейне бақылау камерасы орнатылады.

– «Ақылды қала» бөлігі ретінде қоғамдық қабылдау, мобильді қосымша «Digital East», денсаулық сақтау, білім беру салаларында және коммуналдық ақпараттық желілер енгізіледі, – деді ШҚО басшысы. – Біз маңызды тарихи кезеңнің, сандық форматта «жаңа» өмірдің қарсаңында тұрмыз. Сондықтан өңір экономикасы ескі технологияларға сене алмайды.

Сондай-ақ, есеп беру кездесуінде облыс әкімі тұрғындар тарапынан түскен барлық сұрақтарға толық жауап берді. Өз кезегінде шығысқазақстандықтар облыс әкімінің жұмысына оң баға берді.

 

ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/33561

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар