Наурыздың басынан бері Аягөзде 143 тұрғын-үйді су шайған. Арнайы комиссия өкілдерінің сөзіне қарағанда бұлардың 18 -і қирап қалған, 52-і жөндеуге жарамайды, ал өзге 73-ін қайта қалпына келтіруге болады.
Әзір 22 үйді жөндеу жұмыстары басталып кетті. Үйлерін су шайып баспанасыз қалған 52 отбасының 16-сы жаңа үйге көшіп үлгерген. Бұдан сырт тағы 18 отбасыға баспана алу үшін құжат дайындау жұмыстары жүруде.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов атап өткендей алдағы 3-4 күнде бұл отбасылар да тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.
– Осы аптаның аяғына дейін тасқыннан зардап шеккен 34 отбасы жаңа баспанаға көшеді. Бұл үйлердің сапасы бөлек. Іргетасы берік. Бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда еңселі. Ал өзге 18 үйге қатысты сауал туындап тұр. Бұларды комиссия тексереді", – дейді Ахметов.
Әзір облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов бастаған жұмыс комиссиясы жаңадан салынған үйлердің іші-сыртын тексеруде.
Зардап шеккендерге үй алу үшін барлығы 200 млн. теңгеден аса қаржы бөлінген. Мұның 80 миллионы облыс әкімінің қорынан, 42,3 миллионы аудан әкімінің қорынан, ал қалған 100 миллион "Парыз" қорынан бөлінген.
Айта кетсек, қазіргі таңда тасқыннан құтқарылған 515 адамның 408-і өз үйлеріне оралды.
Аягөз тұрғындары өз кезегінде тасқын зардаптарымен нақты күресіп жатқан облыс әкімінің көмегіне дән риза.